Қазақстандағы танымал киелі орындар

12 Желтоқсан 2023, 15:20 4696

Әлем бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын еліміздің тарихы тереңде жатқан, көрікті де киелі жерлері көп. Сол қасиетті орындарды зерттеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға еліміздегі киелі орындардың тізімін ұсынады.

1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – XIV ғасырдың соңында Түркістан қаласында тұрғызылған ең танымал тарихи орын. Ол Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болған соң Әмір Темірдің басшылығымен көне түркі ақынына арнап соғылған. Бұл кесене уақыт өте келе мұсылмандардың жаппай тәу ету орнына айналды.


©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Жазба деректеріне сүйенсек, кесененің жобасын құруға Әмір Темірдің өзі атсалысып қана қоймай, оның өлшемін де анықтаған. Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені 46,5 метр болса, ұзындығы 65 метрге дейін жетеді. Ясауи кесенесі халқымыз үшін киелі орынның бірі болып саналады.

2. Арыстан баб кесенесі негізі сонау XII ғасырда қаланған, Шымкенттен 150 шақырым жерде орналасқан ескерткіш. Ол сол заманда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан бабқа арнап соғылған. Аты аңызға айналған ұлы тұлға Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған.


© Wikipedia

Кесененің сәулетшісі – Қалмырза Мүсәпірұлы. Оның ауданы 35*12 метр болса, биіктігі 12 метр. Қазіргі таңда аталмыш ғимарат мұсылмандар үшін қасиетті орын болып есептеледі. Киелі орынды көріп кету үшін адамдар Орталық Азияның түкпір-түкпірінен жиналады.

3. Айша бибі кесенесі XI-XII ғасырда қараханидтер әулетінен шыққан Мұхаммед Қарахан ханның әйелі болған Айша бибіге арналып соғылған. Бұл кесене Тараз қаласынан 18 шақырым жерде, Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында орналасқан. Кесене – күйдірілген сары балшықтан жасалып, 60 түрлі ою-өрнекпен безендірілген қайталанбас өнер туындысы. Бұл орын қазақ халқының ежелгі ою өрнегі сақталған мұражай секілді. Себебі кесенеден қошқармүйіз, қыңырмүйіз, қазмойын, жауқазын, құсқанат сынды түрлі композициялық ою-өрнекті көруге болады.


© Wikipedia

Қазіргі таңда Айша бибі кесенесі адалдықтың, тектіліктің белгісіне айналған қасиетті мекен іспеттес. Мұнда көбіне қазақстандықтар мен шетелдік туристер, отбасылық өмірге енді қадам басқан жандар келіп тәу етеді.

4. Ақыртас сарай кешені VIII-IX ғасырларда салынған Жамбыл облысындағы Тараз қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан археологиялық кешен. Тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы 2,5 гектарды жерді құрайды. Мұнда 70-ке жуық бөлме мен 15 колонналы галерея бар. Кешеннің қабырғаларындағы тас блоктарының әрбірінің салмағы шамамен бір тоннаға дейін жетеді. Тіпті кейбір қашалған тастардың салмағы 10 тоннадан да асады.


Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы

Аталмыш киелі орын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне де енген. Ақыртас Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы болуы мүмкін деген болжам бар.

5. Домалақ ана кесенесі – Нұрила Әли Сыланқызының зиратына тұрғызылған XI ғасырдың ескерткіші. Ол Түркістан облысы Балабөген өзенінің бойында орналасқан. Кесененің биіктігі 12 метрге дейін жетеді. Киелі орын алғаш рет 1456 жылы салынса, кейін XI-XV ғасырда бірнеше рет қайта жөнделген. Ескерткіш қазір 1966 жылғы күрделі қалпына келтіру жұмысынан өткеннен кейінгі кейпінде тұр. Ол үшін арнайы Маңғыстаудан әкелінген ақ тастар қолданылған.


© Wikipedia

Бүгінде Домалақ ана ескерткіші Қазақстанның ең көрікті жерлерінің қатарына жатады. Бұл жерге жиналатын отандық және шетелдік туристердің санында шек жоқ.

6. «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені – дүниежүзіне аты танымал қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына орай ашылған. Ол – Семей қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан, әдеби Меккеге айналған Жидебай жеріндегі киелі орын. Мемориалдың ұзындығы 200 метр болса, ені 65 метрге, ал биіктігі 5 метрге дейін жетеді.


© Akorda.kz

Абай мен Шәкәрімді бейнелейтін екі жерлеудің арақашықтығы 140 метрді құрайды. Абай мұнарасының биіктігі – 32,5 метр, Шәкәрім мұнарасының биіктігі 31,5 метр болады. 

Бұл «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені Қазақстанның рухани киелі жеріне жатады.

7. «Қорқыт ата» мемориалды кешені – Қызылорда облысы Жосалы кентіндегі «Қорқыт» теміржол станциясының аумағында 1980 жылы құрылған. Ол қобызшы, күй атасы әрі жырау Қорқыт атаға арналып салынған. Аталмыш кешеннен бір шақырым жерде Қорқыт жерленген.


Әлеуметтік желіден

Бұл ескерткіштегі төрт стела темірбетоннан салынған. Әрқайсының биіктігі 8 метрді құрайды.

Еліміздегі қараса көз тартатын тарихи ескерткіштке келетін туристер саны жыл сайын артпаса кемімейді. Бұл қасиетті мекеннің әрбір адамға өзінше бөлек, ерекше әсер қалдыратыны анық.

8. Үкаш ата кесенесі – Түркістан облысындағы Үкаш атаның қабірі орналасқан киелі орын. Мұнда келген әрбір турист бірінші Үкаш атаның қабірі тұрған жерге барып құран оқиды. Сосын барып тау басындағы құдықтан су алады. Құдықтың басында киіз үй секілді кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр, биіктігі 3,5 метр болады. Ал оның тереңдігі 22-25 метрге дейін жетеді.


© Wikipedia

Аңыз бойынша Үкаш ата ислам дінін алып келген Мұхаммед пайғамбардың шәкірті болған. Оның қабірі барша түркі жұрты үшін Алладан тілек тілеп, мінәжат қылып, тәу ететін орынға айналған.

9. Құнанбай қажы мешіті – 1850-1851 жылдары Қарқаралы қаласында салынған тарихи-мәдени ескерткіш. Бұл мешітті салу үшін 1847 жылы 16 болыс басшысы құжатқа қол қойып, аға сұлтан, майор Құспек Таукин мөрін басқан. Оның құрылысын Құнанбай өзі қолға алғандықтан, халық мешітті Құнанбай мешіті деп атап кеткен.


© Wikipedia

Мешіттің ішіне 300 адам кіріп, бір мезгілде намаз оқи алады. Ескерткішті көруге қызығушылық танытатын туристер саны да жыл санап артып келеді. Құнанбай қажы мешіті еліміздің киелі жерлерінің тізіміне енген.

10. Жылаған ата үңгірі Түркістан облысы Кентау маңындағы Қаратаудың етегінде орналасқан. Үңгірдің биіктігі шамамен 3-4 метр, ені 8-9 метр, тереңдігі 50-60 метр болады. Мұнда қазіргі таңда зиярат етіп келетін адамдар көп.


Әлеуметтік желіден

Жылаған ата үңгірі сарқырама іспеттес. Егер ниеті таза адам келіп құран оқыса, бұл үңгірден су ағады, ал пиғылы жаман адам болса, су ақпай қоятын көрінеді. Сондай-ақ үңгірдегі бір жартастан тамшылап су ағып тұрады. Сондықтан да оны «Жылаған атаның көз жасы» деп атайды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: