Суицид – әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған ең күрделі мәселелердің бірі. Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда суицидтен болатын өлім-жітім статистикасы әлі де тұрақсыз. Жыл сайын елде 3,5-4 мың адам суицид жасайды. Бұл бір күнде кемінде 9-10 адам суицид жайлы ойлайды деген сөз. Осы ретте El.kz интернет порталының тілшісі Қазақстандағы суицидке қарсы бағдарламалар, олардың нәтижелеріне, сондай-ақ алға қойылған міндеттерге шолу жасады.
Негізгі көрсеткіштер
2024 жылдың алғашқы 8 айында Қазақстанда жалпы 2 389 оқиға тіркелген. Бұл – суицидке теңелетін өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары. Оның ішінде 5-18 жас аралығындағы балалар арасында 128 жағдай болған. Балалар арасындағы (кәмелетке толмағандар) суицид саны 2025 жылы да жоғары, 2025 жылдың басынан бері балалар арасында 432 жағдай тіркелген.
Ал 2025 жылдың қаңтар айында ғана Қазақстанда 234 адам суицид жасаған, оның 82,1 %-ы ер азаматтар болып отыр.
Себептер мен ерекшеліктер
Ер адамдардың үлесі жоғары, мысалы, 2025 жылғы қаңтарда 234 суицидтің 192-сі (82,1 %) ер азаматтар. Жас аралығына келсек, 2025 жылғы қаңтарда ең көп суицид жасағандар 35-44 жас, 45-54 жас, 55-64 жас аралығындағы топтар.
Балалар арасында суицид себептері – отбасылық жанжал, мектептегі қиындықтар, телефонына шектеу қою, қарым-қатынастағы қиындықтар.
Суицидке себеп болған негізгі факторлар, ауыр материалдық жағдай, жалғыздық, өмірлік қиындықтар.
Кемшіліктер мен мәселелер
Қоғамда психикалық денсаулық мәселесіне қатысты стигма үлкен: адамдар психологқа немесе көмекке барудан қашады.
Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізгендерге қатысты іс жүргізу, тергеу тәртібі жеткіліксіз.
Бағдарламалар халықтың барлық тобына тең қолжетімді емес, ауылды жерлерде, шалғай өңірлерде психологиялық қызметтер мен қолдау желілері әлсіз болуы мүмкін.
Жастар арасында суицидке дейінгі әрекеттерді алдын алу бағытындағы жұмыс әлі де жетілмеген, мектептерде психолог қызметі болса да, оқушылардың көбі бұл қызметтердің бар екенін білмейді.
Мемлекеттік деңгейдегі негізгі бағдарламалар
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде қолға алынған. Осы бағыттағы негізгі құжат – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы №748 қаулысымен бекітілген «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен игілігін қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар».
Аталған құжат суицидтің алдын алуға арналған арнайы бөлімді қамтиды және 0-18 жас аралығындағы балалар мен жеткіншектерге бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – тәуекел факторларын ерте анықтау, көмек көрсету жүйесін күшейту және психикалық денсаулық мәселелеріне байланысты қоғамдағы стигманы азайту.
Суицид белгілерін анықтау және әрекет ету алгоритмін әзірлеу (2023 ж.)
Жоспар аясында білім беру және медицина салаларына ортақ біртұтас алгоритмдер жасалды. Бұл құжаттар арқылы мектеп психологтары, дәрігерлер және ата-аналар баланың мінез-құлқындағы қауіп белгілерін ертерек байқауға және дер кезінде көмек көрсетуге үйренеді. Арнайы нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар өңірлік білім басқармаларына таратылды.
Мамандардың біліктілігін арттыру (2023-2025 ж.)
Жоспарға сәйкес жыл сайын кемінде 12 мың педагог пен психолог суицидтің алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша оқытудан өтеді.
2023 жылы 8 000-нан астам мектеп психологы халықаралық «Жасөспірімдердің өркендеуін қолдау» бағдарламасы негізінде дайындықтан өтті. Бұл шараны оқу ағарту министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп жүзеге асырып келеді.
Ақпараттық және нысаналы кампаниялар (2023-2025 ж.)
Суицид қаупін азайту мақсатында ата-аналар мен жастар арасында ақпараттық кампаниялар тұрақты түрде өткізіліп жатыр. 2024 жылы іске қосылған «Сенің өмірің маңызды» атты ұлттық кампания аясында әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы 500 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен қатар интернетте зиянды және өзіне қол жұмсауға итермелейтін контенттерді анықтау және бұғаттау жұмыстары жүргізілуде.
Психологиялық инфрақұрылымды дамыту (2023-2025 ж.)
Бағдарлама аясында жыл сайын кемінде бес жаңа психологиялық көмек орталығын ашу жоспарланған. 2025 жылға қарай ел бойынша мұндай орталықтардың саны 15-ке жетпек.
Сондай-ақ онлайн-психолог кабинеттері енгізіліп, сенім телефондарының (111, 112, 150) жұмысы күшейтілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 77 қалада психикалық денсаулық орталықтарының саны 10 %-ға артқан.
Зерттеу және мониторинг (2025 ж. соңы)
Бағдарламаның соңғы кезеңінде жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау себептерін терең талдайтын кешенді зерттеу жүргізіледі.
Мақсат – 2025 жылға қарай жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларын жыл сайын кемінде 5 %-ға азайту. 2023 жылы 147 бала өз-өзіне қол салса, жоспар бойынша 2025 жылы бұл көрсеткіш 130 жағдайға дейін төмендеуі тиіс.
Бағдарламаның маңызы
Бұл кешенді жоспар Қазақстандағы суицид мәселесіне тек медициналық тұрғыдан емес, әлеуметтік, білім беру және психологиялық тұрғыдан жүйелі көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде соңғы екі жылда балалар арасындағы суицид деңгейі азайып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, бағдарламаның тиімділігі оның нақты көрсеткіштер мен мерзімдерге негізделуінде. Ал ең бастысы – қоғамда өмірдің құндылығын дәріптеу және әр баланың жан саулығына мән беру мәдениетін қалыптастыруда.