23.01.2026
12:14
808
Қазақстандағы стадиондар: уәде көп, енді олар қашан орындалады?

Қазақстандағы стадиондар: уәде көп, енді олар қашан орындалады?

Өткен аптада Қызылордада осыдан бірнеше ай бұрын ғана пайдалануға берілген «Қайсар Арена» стадионына қатысты түсініксіз жайт туындады. Туризм және спорт министрлігі стадионның әлі күнге дейін УЕФА-ның халықаралық лицензиясын алмағаны жөнінде БАҚ-та мәлімет жариялап, аренаның ресми түрде халықаралық матчтарды қабылдай алмайтынын алға тартты. Ал бұл – тек бір стадионның тағдыры емес, Қазақстан футболындағы инфрақұрылым мәселесінің айнасы іспетті.

Алайда көп ұзамай Қызылорда облысының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, стадионның УЕФА-ның UEFA Time сертификаттау бағдарламасына 4-санаттағы нысан ретінде енгізілгенін тілге тиек етті. Ресми хабарламада тіпті УЕФА сайтына сілтеме де берілді. Сонда мәселе қайда? Неліктен бір стадион жөнінде екі түрлі, бір-біріне кереғар ақпарат тарады?

Әкімдік мәліметінше, «Қайсар Арена» УЕФА-ның 2018 жылғы «Стадион инфрақұрылымы регламентіне» сәйкес ең жоғары – 4-санатқа жатады. Сонымен қатар ойын алаңы FIFA Quality Pro сертификатын алған. Қағаз жүзінде бәрі мінсіз.

Алайда УЕФА-ның нақты халықаралық матч өткізуге рұқсат беруі – формалды сертификаттаумен шектелмейді. Бұл жерде УЕФА инспекциясы, қауіпсіздік жүйелері, логистика, телетрансляция инфрақұрылымы, VIP және медиа аймақтардың толық сәйкестігі, тіпті қалада бес жұлдызды қонақ үйдің болуы секілді ондаған қосымша талап бар. Облыстық басқарманың өзі де УЕФА өкілдерінің тікелей инспекциясы 2026 жылдың сәуір-мамыр айларына жоспарланғанын мойындап отыр. Мәселенің мән-жайын «Қайсар» футбол клубының медиа-офицері Ерасыл Шәрібектен сұрадық. Себебі бұл осы клубтың өз алаңдағы матчтарын қабылдайтын стадион.

Стадионды бағалау екі критерий бойынша жүреді. Алғашқысы – стадионның алаңына байланысты, екіншісі – стадионның инфрақұрылымы мен қаладағы қонақ үйлердің деңгейіне, халықаралық әуежайларға байланысты. Қыркүйек айында бізге төртінші категорияны ресми табыстады. Дегенмен стадионның  халықаралық дәрежедегі матчтар өткізуіне қатысты рұқсаты сәуір айында келген тексерістен соң нақтыланады. Негізі халықаралық матчтардың барлығы көктемде басталады ғой, – дейді ресми өкіл.

Ол шаһарда бес жұлдызды қонақ үйлер салынып жатқанын да алға тартты.

Бүгінде қаламызда екі бес жұлдызды қонақ үй салынып жатыр. Оның бірі осы жылдың бел ортасында пайдалануға беріледі, одан бөлек бізде тағы бір бес жұлдызды қонақ үй бар. Сонда үш қонақ үй болады, – деп нақтылады ол.

Президент тапсырмасы: неге бәрі кеш қозғалды?

Мәселенің түп-тамыры одан да тереңде. Былтыр Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев футбол инфрақұрылымын ел спортының басты әлсіз тұсы ретінде ашық айтты.

Көптеген облыста стадиондарды қайта жаңғырту немесе жаңадан салу қажет. Бұл – алдағы екі жылдағы нақты міндет, – деді мемлекет басшысы.

Алайда шындық мынада: нақты қозғалыс дәл осы тапсырмадан кейін ғана басталды. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда небәрі үш жаңа стадион салынды:

– «Астана Арена»,
– «Түркістан Арена»,
– «Қайсар Арена».

Бірақ «Қайсар Аренаның» өзі ресми түрде былтыр қазан айында ғана ашылды.

Қалғандарының басым бөлігі – кеңестік кезеңде салынған, қайта-қайта жамалған, стандарттан алшақ нысандар.

Кей өңірлердегі жағдай тіпті алаңдатарлық. Мәселен, Петропавлдағы «Қарасай» стадионы. 2025 жылдың мамырында 2,5 млрд теңгеге реконструкциясы аяқталған арена тамыз айында жаңбырдан кейін су астында қалды. Ал жөндеу кезінде стадион УЕФА стандарттарына сай болады, еурокубок ойындарын қабылдайды деген уәде берілген еді.

Бұл – тек техникалық ақау емес, жобалау мен бақылаудың сапасына да қатысты сұрақ.

Қарағандыда жағдай өзгеше. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, 1958 жылы салынған «Шахтёр» стадионы сақталады әрі кезең-кезеңімен жаңартылады. Сонымен қатар жеке инвестор Тимур Турлов қаржыландыратын футбол академиясы мен жаңа ареналар салынбақ. Бұл модель – мемлекет пен бизнестің тең серіктестігі.

Миллиардтар қайда кетіп жатыр?

Қазіргі таңда елде кемі жеті стадион салынады деген жоспар бар. Ақтөбе мен Шымкентте, Алматыда – 35 мың орындық ареналар, Семейде – 25 мың, Ақтауда – 10 мың, Петропавл мен Өскеменде – шағын стадиондар салынуы керек.

Бірақ мәселе тек құрылыста емес. Стадионды салу – бір бөлек, оны жыл сайын күтіп-ұстау – мүлде басқа жүк. Коммуналдық қызмет, газон, қауіпсіздік, персонал, жөндеу – мұның бәрі жыл сайын жергілікті бюджетке немесе демеушілерге салмақ салады.

Мысалы, әлемдік жұлдыз Джей Лоның Алматыдағы концерті, «Қайраттың» еурокубоктағы ойыны, халықаралық турнирлер – бәрі бір стадионға телміріп қалды. Мұның өзі оңтүстік астана секілді бірнеше миллион халқы бар мегаполис үшін үлкен сын.

Былтыр жазда қалада жаңа стадион салынатыны айтылды. Ал жыл соңында Алматы қаласының Құрылыс басқармасы 35 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының құрылысы шамамен қашан аяқталатынын мәлімдеді.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, жаңа стадион УЕФА-ның IV санатындағы талаптарға толық сәйкес тұрғызылады. Жоба аясында табиғи шөп төселеді екен. Сонымен қатар көрермендерге қолайлы жағдай жасау үшін мыңнан астам автокөлікке арналған автотұрақ салу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда жоба жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде тұр.

Жобалық-сметалық құжаттама халықаралық стандарттар мен Қазақстан Республикасында қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес дайындалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуының болжамды мерзімі – 2027 жылдың IV тоқсаны, – деді басқармадағылар.

Сонымен қатар бұл стадион Алматы қаласында Aport East Mall сауда-ойын-сауық орталығының батыс жағында бой көтереді. Жобаның бастапқы кезеңіне 6 млрд теңге бөлінген. Алайда кейін арена мен оның айналасындағы аумақтың бастапқы эскизіне бірқатар өзгеріс пен толықтырулар енгізілген.

Салынып жатқан ареналар: үміт көп, сұрақ одан да көп

Президент тапсырмасынан кейін Қазақстанда стадион құрылысы күрт жанданды. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, алдағы жылдары Алматыдан бөлек ел аумағында тағы кемі алты жаңа стадион бой көтеруі тиіс. Алайда олардың әрқайсысы тек сыйымдылығымен емес, қалаға, клубқа және жалпы футбол экожүйесіне берер пайдасымен бағалануы керек.

Жалпы, Қазақстанда стадион мүлде жоқ дей алмайсың, бірақ нақты жұмыс істейтін, халықаралық талапқа толық сай, көпфункциялы ареналар саусақпен санарлық.

Ақтөбе 

  • Сыйымдылығы: 35 000
  • Жоспарланған мерзімі: 2028 жыл
  • Жер аумағы: 25 гектар
  • Клуб: «Ақтөбе»

Ақтөбе – футбол десе ішкен асын жерге қоятын қала. Жаңа стадион дәл осы өңірде салынуы заңдылық. Алты деңгейден тұратын, халықаралық стандартқа сай арена елдегі ең ірі стадион атануы мүмкін.

Артықшылығы:

қуатты фан-база;

еурокубок ойындарына сұраныс бар;

қала – футбол тарихы бар аймақ.

Бұл стадион – Қазақстандағы ең батыл жобалардың бірі. Бірақ батылдықпен бірге нақты бизнес-модель қажет.

Шымкент

  • Сыйымдылығы: 35 000
  • Жоспарланған мерзімі: белгісіз
  • Жер аумағы: 20-21 гектар
  • Клуб: «Ордабасы»

Қағаз жүзінде – тағы бір «ең ірі арена». Бірақ іс жүзінде 2025 жылдың өзінде құрылыс алаңында қоршау мен котлованнан басқа ештеңе жоқ.

Парадокс мынада: «Ордабасы» – тұрақты еурокубок қатысушысы, қала халқы да көп. Алайда нақты құрылыс қарқыны байқалмайды, оның үстіне жобаның қаржыландыру моделі де ашық емес.

Семей

  • Сыйымдылығы: 25 000
  • Құрылысы басталды: 2025 жыл
  • Клуб: «Елімай»

Семейдегі стадион – соңғы жылдардағы ең қызықты жобалардың бірі. Алғашында 12 мың деп жоспарланып, кейін 25 мыңға дейін ұлғайды.

Әрине, аймақта футболға қызығушылық жоғары, оның үстіне «Елімай» бренді қайта жанданды, Қазақстан премьер-лигасында үздік төрттікке еніп, еурокубокқа жолдама алды. Сондықтан бұл шаһарда жаңа стадион болуы керек.

Бірақ халық саны мен сұраныс арасында айырмашылық болмай ма деген үрей бар, одан қалды алдағы уақытта қаржыландыру тұрақтылығы да алаңдатпай қоймайды.

Ақтау

  • Сыйымдылығы: 10 000
  • Мәртебесі: жобалау сатысында
  • Клуб: «Каспий»

Ақтаудағы жаңа стадион көлемімен емес, футбол академиясымен бірге жоспарлануымен ерекшеленеді.

Оның басты атықшылығы, УЕФА-ның 3-санатына бағытталған, жастар футболына басымдық беріледі әрі теңіз аймағындағы климатқа бейімделген жоба.

Атырау, Петропавл, Өскемен: функционал бірінші орында

Бұл қалаларда аймақтық деңгейге лайық 5-12 мың орындық стадиондар салынады деген жоспар бар. Олар негізінен еурокубок емес, ішкі чемпионат пен жастар футболына бағытталған.

Қазақстанда стадион салу бәсекесі арта түссе екен дейміз, бірақ футболдың дамуы үшін алып стадиондар ғана емес, жүйелі жоспар, тұрақты клуб моделі, балалар футболымен байланысқан инфрақұрылым керек.

Егер әр стадион тек есеп үшін салынса, олар бос трибуна мен қымбат күтім нысанына айналады. Ал егер клубтың, қаланың, жанкүйердің өмірінің бір бөлшегіне айналса, сол кезде бұл ареналар ел футболының тірегіне айналады.

Футболға стадион керек. Ал елге – жүйелі, ұзақмерзімді, есеппен салынған инфрақұрылым қажет.