Қазақстандағы колледж студенттерінің 70%-ы тегін оқиды

16 Наурыз, 18:50 737

Бүгінде еліміздегі 741 колледжде 525 мың студент білім алып жатыр. Олардың 70%-ға жуығы тегін оқуда. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Премьер-министр баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Жиында Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.

Колледждерге қатысты қазіргі жағдай мен білім беру ұйымдарын мамандандыру аясында атқарылатын шаралар туралы Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаева баяндады. Салалық ведомство оқу орындарының жұмысына сараптама жүргізіп, орналасқан жері мен өңірдің еңбек нарығы сұранысына сай мамандандыру шараларын қолға алмақ.

Сараптама бірнеше техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында бірдей мамандықтар оқытылатынын көрсеткен. Ең көбі Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысында. Техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы сапаны бақылау аясында контингенті төмен колледждердің лицензиясын қайтару жұмысы қолға алынды. Былтыр 161 оқу орнының лицензиясы алынды, — деді Наталья Жұмаділдаева.

Тамара Дүйсенова аталған шаралардың маңыздылығын атап өтіп, туындауы мүмкін мәселелерді бағамдап, алдын ала әрекет ету керектігіне баса мән берді.

«Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Бұл үрдіс келешекте де сақталады. Сондықтан қажеттілікке сай кадр әзірлеу маңызды. Колледждерді мамандандыру аясында ұстаздарды қайта даярлау, материалдық-техникалық базамен жабдықтау қажеттігі туындайды. Осы мәселелерді ескеру және маман даярлауда жергілікті жұмыс берушілерді мейілінше жұмылдыру қажет», — деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Оқи отырыңыз: 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: