Бүгін біз жұмысшыға тек жалақы төлеумен шектелмей, нақты көмек көрсетіп жүрген кәсіпкерлердің үздік бестігін ұсынбақпыз. Бірі жүздеген қызметкеріне баспана сыйласа, бірі денсаулықты жақсартуға арналған смарт құрылғылар таратты, енді бірі тұтас өңірдің халқына баспанамен көмектесті.
El.kz редакциясы Қазақстандағы қызметкерлеріне және қоғамға жанашырлықпен қарайтын, нақты ісімен үлгі болып жүрген кәсіпкерлердің ТОП-5 тізімін жасады.
2024 жылдың көктемінде Орал қаласында болған жойқын су тасқынынан кейін жүздеген отбасы үй-күйсіз қалған еді. Сол қиын сәтте көмектескендердің бірі – Astana Group холдингінің иесі Нұрлан Смағұлов. Ол басқаратын қор су тасқынынан зардап шеккендер үшін 5,6 миллиард теңгеге 264 пәтер сатып алып, толық жөндеп, меншікке тегін табыстады. Соңғы кілттер 1 тамызда тапсырылды.
«Пәтерлердің жөндеуін өзім бақыладым. Біз бұл уәдені мерзімінен бұрын орындадық», – деді қор өкілі Мереке Сұрағанов.
GALANZ bottlers компаниясының негізін қалаушы Тұрсынғали Алагөзов өз командасын қуантудың ерекше жолын таңдады. Ол компания дамуына үлес қосқан 100 қызметкеріне жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Жаңа пәтерлер заманауи тұрғын үй кешендерінен берілді. Бұл бастама – кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілікке шын жүректен қарайтынын көрсетті.
"Құрметті әріптестер, қоныс тойларыңыз құтты болсын! Сіздер бұл қуанышқа шын жүректен лайықсыздар", – делінген компанияның құттықтау хатында.
BI Group холдингінің негізін қалаушы Айдын Рақымбаев өз командасына Oura смарт-сақинасын сыйға тартты. Бұл құрылғы адамның ұйқы, жүрек соғысы, температура сияқты 20-дан астам көрсеткішін бақылайды. Сақинаның құны – шамамен 400 доллар.
«Бұл – жай сыйлық емес, денсаулықты бақылауға мүмкіндік беретін құрылғы. Өзім де қолданып жүрмін», – дейді кәсіпкер.
Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов қызметкерлер үшін заманауи кеңсе, кәсіби даму, психологиялық қолдау, еркін жұмыс форматын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, оның бастамасымен іске асқан Freedom Qamqor қоры білім, медицина және балалар үйлеріне тұрақты көмек көрсетіп келеді. 2023 жылы бұл қор арқылы қайырымдылыққа 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
"Қайырымдылық – бір реттік акция емес. Бұл – қоғаммен серіктестік", – дейді Турлов.
Верный Capital басшысы Болат Өтемұратов — бизнесмен ғана емес, әлеуметтік жобалар арқылы қоғамға үлес қосып жүрген тұлға. Оның компанияларында: қызметтік пәтер, медициналық сақтандыру, ішкі оқыту бағдарламалары ұсынылады.
Сондай-ақ, оның қоры құрған «Асыл Мирас» аутизм орталықтары еліміздің 10 қаласында жұмыс істейді.
Қорытынды: Адамға жағдай жасау — табысты бизнестің негізі
Табысты кәсіпкерлер жұмысшыларын – жай орындаушы емес, құндылық иесі ретінде қарайды. Осы бес кәсіпкердің тәжірибесі – бизнес пен адамгершіліктің бір-бірінен ажырамайтынын дәлелдейді.
«Жақсы басшы – алдымен жақсы адам» деген сөз бекер айтылмаса керек.