Қазақстандағы ажырасудың басты себебі анықталды

18 Қараша 2022, 01:25 4358

Еліміздегі әр үшінші некенің соңы ажырасумен аяқталады

Қазақстандағы ажырасуға ең басты себептер анықталды, деп хабарлайды El.kz.

Елордалық отбасылық судья Жанна Бәкірова ерлі-зайыптының арасына сызат түсудің бірнеше себептері барын айтып отыр. 

"Елде заңды ажырасулардың саны артып келеді. Бұл көңіл алаңдатарлық жайт. 2020 жылы бұл көрсеткіш 48 мың ажырасуды құраса, 2021 жылы 48 239 жағдайға жеткен. Әр үшінші неке ажырасумен аяқталады. Ажырасу бойынша 2021 жылы Алматы қаласы 5281 жайтпен көш бастады. Одан кейінгі орындарда 4717 дерекпен Қарағанды облысы мен  4296 жағдаймен Астана қаласы тұр", - деді судья. 


Сонымен қатар отбасылық судья ажырасуға әкелеті басты себептерге тоқталды.

"Егер отбасылық жұптардың ажырасу себептері туралы айтсақ, алғашқы себеп – «туыстардың араласуы». Мұндай жайт ата-анамен бірге тұратын жас жұбайлардың арасы ашылып кетуімен көрініс тауып отыр. Екінші орында «мінез-құлықтың үйлеспеу» себебі тұр. Ал үшінші орында – «көзге шөп салу». Барлық жағдайда тараптар бір-бірін түсінгісі келмей, соңы ажырасумен аяқталып жатады", - деді Жанна Бәкірова.

 
Статистикалық деректерге сүйенсек, ажырасатын жастардың дені бес жылдам астам некеде тұрған 30-бен 34 жас аралығындағылар. Екі жаққа кетуге қадамды көбінесе әйел адамдар жасайды. 

"Мамандар отбасылық жұптың ажырасуы тек жеке адамдардың ғана емес, қоғамның проблемасына айналған. Себебі бұл демографиялық жағдайдың нашарлауына, азаматтардың еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне, жалғызбасты адамдардың көбеюіне алып келеді. Ажырасу бала психологиясына да әсер  етіп, олардың кейбірі оның зардабын өмір бойы тартады. Мінезі ұйық немесе ашушаң болып қалыптасады. Әр бақытты отбасының кепілі – ерлі-зайыптының бір-бірін сыйласуы. Әйелі мен ері бір-бірін өзгертуге тырыспай, өзара сыйластыққа қадам басуы тиіс", - дейді судья.

EL.KZ
Бөлісу: