29.06.2023
17:27
1522
Қазақстанда жыл басынан бері 3670 онлайн казино бұғатталды

Қазақстанда жыл басынан бері 3670 онлайн казино бұғатталды

ҚР МСМ Туризм индустриясы комитеті онлайн казиноларды анықтау және бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы жылдың басынан бастап 3670 интернет-казино бұғатталды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сондай-ақ сот шешімінің негізінде 5 букмекерлік кеңсе мен 2 тотализатордың лицензиясы тоқтатылды. Бұған лицензиялық алымды төлеу бойынша қарыздар, ойын аймақтарынан тыс тіркеу, міндетті резервтің болуы бойынша талаптарды орындамау және басқа да бұзушылықтар негіз болды.

2022 жылы комитет 4 ойын автоматтары залына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізген болатын. Тексеру нәтижелері бойынша 1 зал жабылып – лицензиядан айырылды, 3 залдың қызметі тоқтатылды және 6 әкімшілік айыппұл салынды.

Жасыратыны жоқ, онлайн-казинолар және, атап айтқанда, олардың жарнамалары оңай жеңіске жетуге уәде береді - құмар ойыншылардан ақша табуға тырысады. Бұған қарсы тұру үшін біз интернетте мониторинг жүргіземіз және қолданыстағы лицензияларды тексереміз. Мысалы, 4 букмекерлік кеңсенің, 3 тотализатордың және 1 ойын автоматтары залының лицензияларын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

2019 жылы елде интернет-ресурстарды мониторингілеу үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл бірден бірнеше мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігіне интернет-казиноларды жедел анықтауға және оларға кіруге тыйым салуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп анықталған интернет-казиноларды бұғаттау туралы ақпаратты қарау мерзімін қысқарту жөнінде шаралар қабылданды.