Қазақстанда жүргізушісіз көлік пен дрон арқылы жеткізу қызметін енгізуге дайындық басталды. Жаңа технологияларды іске қосу үшін жол инфрақұрылымы жаңартылып, арнайы ережелер әзірленіп жатыр. Бұл бастама қалалық мобильділік пен логистиканы түбегейлі өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет-порталы.
Қай қалаларда іске қосылады
Жобаның алғашқы кезеңі Астана, Алматы және Қосшы қалаларын қамтиды. Әзірге жүргізушісіз таксилердің нақты қай бағыттарда жүретіні, қанша көлік болатыны белгісіз. Бұл параметрлер пилоттық бағдарлама бекітілгеннен кейін ғана нақтыланады.
Ал дрон арқылы жеткізу жобасы Алматыда қазірдің өзінде пилоттық форматта іске асырылып жатыр. Жобаны әзірлеуге қазақстандық және халықаралық компаниялар тартылған.
Оқи отырыңыз:
Қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі
Жүргізушісіз көліктер бірден толық іске қосылмайды. Алдымен бірнеше кезеңнен тұратын тексеріс жүргізіледі. Оған арнайы полигондардағы сынақтар, жол инфрақұрылымын тексеру, қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті растау және түрлі жағдайларда тәуекелдерді бағалау кіреді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері алғашқы кезеңде көліктің ішінде міндетті түрде жүргізуші болатынын атап өтті.
Алғашқы кезеңде салонда резервтік жүргізуші болады. Қажет жағдайда ол басқаруды бірден өз қолына ала алады, – делінген хабарламада.
Егер жүйе өзін сенімді көрсетсе, кейін жүргізушісіз толық автономды режимге көшу қарастырылады. Бұл кезде көлік қашықтан бақыланады.
Жауапкершілік кімге жүктеледі
Жүргізушісіз көлікпен жол апаты болған жағдайда жауапкершілік бір адамға ғана емес, бірнеше тарапқа бөлінеді. Оған көлік иесі, оператор және өндіруші кіреді.
Министрлік бұл бағытта заңнамалық база әзірленіп жатқанын хабарлады.
Жауапкершілік әр тараптың рөліне қарай бөлінеді. Қазір осыған қатысты нормативтік-құқықтық база дайындалып жатыр, – делінген хабарламада.
Жол инфрақұрылымы қалай өзгереді
Жоба аясында қалалардағы жол жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі.
Атап айтқанда:
– қосымша жол таңбалары салынады;
– жаңа жол белгілері орнатылады;
– жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін арнайы аймақтар жасалады;
– цифрлық карталар мен бағдарлау жүйелері жетілдіріледі.
Бұл жұмыстарды 2026 жылдың бірінші тоқсанында бастау жоспарланған.
Жоба қашан іске қосылады
Қазіргі таңда жүргізушісіз такси жобасы дайындық кезеңінде. Сынақ әлі басталған жоқ. Бағдарлама бекітілгеннен кейін нақты іске қосу мерзімі белгілі болады.
Жоба шамамен 3 жылға есептелген. Ал дрондар бойынша Алматыда жақын уақытта тестілік ұшулар басталуы мүмкін.
Қаржыландыру және қолдану саласы
Жоба мемлекеттік бюджет есебінен емес, жеке инвесторлар арқылы қаржыландырылады.
Алғашқы кезеңде технологиялар екі бағытта қолданылады:
– қалалық көлік (жүргізушісіз такси);
– логистика және жеткізу (дрондар).
Қазіргі уақытта бұл жүйені мемлекеттік қызметтерге енгізу жоспарланып отырған жоқ.
Үкіметтің жоспары және халықаралық серіктестік
31 наурызда өткен Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жобаның маңызын атап өтті.
Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Жобаға халықаралық технологиялық компаниялар қатысады, – деді ол.
Министрдің сөзінше, пилоттық іске қосу 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Аэротакси: 300 км/сағ жылдамдық
Қазақстанда тек жердегі емес, әуедегі көлік түрлері де қарастырылып жатыр. Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев аэротакси жобасы туралы айтты.
Мұндай аппараттар сағатына 300 шақырымнан аса жылдамдықпен ұша алады. Мысалы, Алматы әуежайынан Медеуге дейін 10–12 минутта жетуге мүмкіндік бар, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан америкалық Joby компаниясымен қатар қытайлық өндірушілермен де жұмыс істеуді қарастырып жатыр. Болашақта өндірісті ел ішінде локализациялау мүмкіндігі де бар.
Болашақ: толық автоматтандырылған көлік
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың Қазақстан жол инфрақұрылымын болашақ технологияларға бейімдеп жатқанын айтты.
Жолдар ондаған жылға есептеліп салынады. Сондықтан қазірдің өзінде жүргізушісіз көліктерге арналған стандарттар ескеріліп жатыр, – деді ол.
Сарапшылардың болжамынша, 2036–2040 жылдары жүк тасымалы толықтай автоматтандырылып, жүргізушісіз көліктерге көшуі мүмкін. Ал алғашқы ірі жобалар 2027 жылдан басталады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық инженер-ғалым кептелісті басқаруға болатын жаңа жүйе ұсынғаны жайлы жазған едік.