Елімізде жүргізуші куәліктерінің жаңа түрі енгізілмек. Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаевтың айтуынша, құжаттағы чип алынып тасталады. Дегенмен оның бағасы өзгермейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жүргізуші куәлігін беру кезінде алынатын мемлекеттік баж мөлшері Салық кодексінде белгіленген. Сондықтан ол бұрынғы деңгейде қалады, себебі төлем құжаттың өзіне емес, оны рәсімдеу процесіне байланысты алынады, - деді Кеңесбаев.
Шенеуніктің түсіндіруінше, енді чиптің қажеттілігі жоқ, өйткені жол-патруль қызметкерлері жүргізушіге қатысты барлық ақпаратты мемлекеттік деректер базасынан онлайн түрде ала алады.
Жүргізуші куәлігі, сақтандыру және техникалық байқау деректері бірыңғай базаға енгізілген. Сондықтан оларды чипке көшірудің қажеті қалмады. Қазір технологиялар жылдам дамып келеді, - деп атап өтті ол.
Кеңесбаевтың айтуынша, бұрын берілген куәліктер өз мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болып қала береді. Ал жаңа, чипсіз жүргізуші куәліктерін ІІМ 2026 жылдың бірінші жартысында бере бастайды.
Құжаттың дизайны өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар жүргізуші куәлігінде адамның өлімінен кейінгі донорлық келісімі туралы ақпарат орналастырылмайды.