11.08.2025
12:41
1040
Қазақстанда жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемді қалай алуға болады?

Қазақстанда жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемді қалай алуға болады?

Қазақстанда ресми жұмысынан айырылған азаматтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем ала алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл – жаңа жұмыс іздеу кезеңінде азаматтарға уақытша қаржылай қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік шара.

Кім ала алады

Төлем алу үшін азамат міндетті түрде:

  • Жұмыссыз ретінде тіркелуі керек (еңбек өтілі мен әлеуметтік аударымдар болған жағдайда).
  • Бұған дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болуы тиіс (еңбек келісімімен жұмыс істеп, әлеуметтік жарналар аударылған болуы қажет).

Төлемнің мөлшері – жоғалған табыстың 45%-ына дейін, төлеу мерзімі – 1 айдан 6 айға дейін, бұл азаматтың соңғы 24 айдағы табысына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі.

Қалай рәсімдеуге болады

1-қадам. eGov.kz порталына кіру және ЭЦҚ арқылы авторизациялау.
2-қадам. «Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау.
3-қадам. Онлайн өтінішті толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою.
4-қадам. 1 жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) сізге бос жұмыс орындарын ұсынады.
5-қадам. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде онлайн түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат алу үшін хабарласады).

Сондай-ақ бұл қызметті enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы да рәсімдеуге болады.

Төлемді алу тәртібі

Жұмыссыз мәртебесі тіркелген соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі сіздің телефоныңызға SMS-хабарлама жібереді. Хабарламада әлеуметтік төлемді проактивті түрде тағайындауға келісу сұралады. Сіз келіссеңіз, төлем автоматты түрде тағайындалады.

Маңызды ескерту

  • Әлеуметтік төлемді алу мерзімі жыл бойы шектелмеген – өтініш кез келген айда беруге болады.
  • Жұмыссыз қалу себебі төлемге әсер етпейді.
  • 2025 жылғы дерекке сай, Қазақстанда 200 мыңнан астам азамат бұл төлемді алып отыр, жалпы төлем сомасы 51 млрд теңгеден асқан.
  • Ал кәсіби біліктілікті тануға арналған ваучерлер бөлігі бойынша өтініш қабылдау мерзімі шектеулі – 15 қазан 2025 жылға дейін.

Ваучер арқылы біліктілікті тану

Career Enbek платформасында жұмыссыз азаматтар кәсіби біліктілікті растау үшін ваучер ала алады. Бұл бір реттік мүмкіндік азаматтың дағдыларын және тәжірибесін құжат жүзінде бекітіп, жұмысқа орналасуды жеңілдетеді. Өтініштерді қабылдау және кеңес беру қызметін еңбек мобильділігі орталықтары көрсетеді.