Қазақстанда жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылмақ

Қазақстанда жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылмақ

Елімізде салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктерінің республикалық және өңірлік маңызы бар жолдарда жүруіне кезең-кезеңмен тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл жайында көлік саласының басшысы Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрдің айтуынша, Қазақстандағы көптеген жолдар бір оське 8 тоннадан артық жүктемені көтеруге арналмаған. Ал, мысалы, Howo секілді карьерлік ауыр техникалардың салмағы кей жағдайда 60 тоннаға дейін жетеді.

Осындай техника жолға шыққанда, бір жылдың ішінде трассаның сапасын толықтай құлдыратып жібереді. 1 трлн теңгеге салынған жолдың бір-ақ күнде бүлінгені дұрыс емес. Бұл көліктер өз салмағы бойынша теміржол вагонымен пара-пар, сондықтан олар асфальт төселген магистральдарда жүрмеуі тиіс, - деді министр.

Ресми деректерге сәйкес, елімізде осындай санаттағы 36 мыңнан астам техника тіркелген.

Бұрын мұндай көліктер жаппай сатып алынғандықтан, шектеуді бірден енгізу дұрыс болмайды деген шешім қабылданды. Тыйым алдымен ірі қалаларда, кейін облыс орталықтарында күшіне енетін болады. Астана көшелерінде де ауыр жүк машиналары қозғалысына байланысты проблема бар. Сол себепті орта жолын тауып, кезең-кезеңмен шектеу қоюды жөн көрдік. Ал толық шектеу 2027 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі ықтимал, - деді Нұрлан Сауранбаев.