10.04.2026
15:49
137
Жаңалықтар

Қазақстанда ЖИ сот шешімдерін болжайтын болады

Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен сот істерінің нәтижесін болжай алатын ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бекболат Молдабеков мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, E-zan komegi мобильді қосымшасы азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, заңгерлік көмекке қолжетімділікті жеңілдетеді.

Мұнда жасанды интеллект арқылы сұрақ қоюға болады. Сондай-ақ колл-орталыққа қолжетімділік бар. Қоңырау шалып, тегін заңгерлік кеңес алуға мүмкіндік қарастырылған, – деді ол.

Сонымен қатар ЖИ негізіндегі жүйе сот сарапшыларының жұмысын да жеделдетуге ықпал етеді.

Жасанды интеллект барлық құжаттарды рәсімдейді, ал сарапшы тек тексерумен айналысады, – деді Бекболат Молдабеков.

Айта кетейік, былтыр Алматы қаласында сот жүйесіне АлтынAi және Aiбек атты цифрлық көмекшілер енгізілгені белгілі болған.

Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, цифрлық шешімдер азаматтар мен ұйымдардың сот рәсімдері туралы ақпаратқа қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған.

Жоба пилоттық сипатқа ие және соттар мен қоғам арасындағы байланысты жеңілдетуді көздейді, – деп хабарлаған Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Цифрлық көмекшілердің негізгі міндеті – пайдаланушыларға сот процестерінде бағыт-бағдар беру. Олар талап арыз беру тәртібін, мемлекеттік бажды есептеу мен қайтару жолдарын, сондай-ақ атқарушылық парақтар мен сот актілерінің көшірмесін алу рәсімдерін түсіндіреді.

Сонымен қатар олар соттардың мекенжайы, байланыс деректері мен жұмыс кестесі туралы ақпарат ұсынып, қажетті мәліметті жылдам табуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында ресми ақпарат тарату да қарастырылған. Атап айтқанда, көмекшілер әлеуметтік маңызы бар істер бойынша пресс-релиздер мен шешімдерді көпшілікке қолжетімді форматта жеткізеді.

Айта кету керек, АлтынAi мен Aiбек интерактивті чат-боттар емес. Олар жеке консультация бермейді, тек ақпараттық және навигациялық қызмет атқарады.