Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласында 30 мың адам жұмыс істейді

17 Ақпан 2023, 18:08 1573

Бұл туралы ИИДМ мәлім етті

Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткізілген жиында Индустриялық даму комитетінің Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы Айжан Әділова айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған саланы дамыту мәселелеріне арналған іс-шараға мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында ведомство өкілі былтырғы көрсеткіштерге тоқталып,  алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы хабардар етті.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 6%-ға артып, 178 млрд теңгеге жетті. Айталық, тоқыма бұйымдарының өндірісі 5,3%-ға, киім өндірісі 7,8%-ға, сондай-ақ былғары және онымен байланысты өнімдердің көлемі 3,7%-ға өскен», деді А.Әділова.

Сонымен қатар басқосуда мақта, жүн, тері және былғарыны өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек отандық брендтерді ынталандыру бойынша ұсыныстар қарастырылды.

«Анықталған табысты бағыттар мемлекеттік шығынды азайтып, бірақ сала өндірісіне айтарлықтай әсер ететін киім өндірісінің сегменттерін дамытудың мүмкіндігін көрсетіп отыр. Осыған орай шетелде отандық мамандарды оқытуға субсидия беру және еліміздің брендтерінің мемлекеттік деңгейде ақпараттық сүйемелдеуін қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет», деді Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы.

Қазір Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы бағытында жұмыс істейтін 1 420 кәсіпорын тіркеліп, шамамен 30 мың адам еңбек ететінін айта кетейік.

EL.KZ
Бөлісу: