2025 жылдың мамыр айында Қазақстанда барлық типтегі 19 377 автокөлік сатылды. Оның ішінде 18 576-сы – жеңіл автомобильдер мен жеңіл коммерциялық техникалар, ал 801-і – жүк көліктері мен автобустар. Бұл туралы «Қазақстанның автокөлік одағына» (ҚАО) сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың мамырымен салыстырғанда 51,4%-ға жоғары (2024 жылы 12 796 көлік сатылған). Ал 2025 жылдың алғашқы бес айында (қаңтар-мамыр) 85 467 автокөлік иесін тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 28,7%-ға көп (66 401 бірлік).
ҚАО президенті Анар Мақашева нарықтағы өсімнің себептерін былай деп түсіндірді:
2025 жылдың мамыры оң серпіннің сақталғанын көрсетті: дилерлер банктермен күш біріктіріп, жаңа автокөліктерді адамдар үшін қолжетімді жағдай жасап жасауда. Бұл үрдіс тұтынушылар тарапынан қолдау тауып, нарық қатысушыларының маркетингтік белсенділігімен бірге сұранысты арттырды. Осы факторлардың ықпалымен биыл алғашқы 5 айда сауда шамамен үштен бір есеге өсті деуге негіз бар. Жалпы, бұл ұлттық нарық үшін жақсы көрсеткіш. Қаңтар мен мамыр арасындағы бір автомобильдің орташа құны 15.9 млн теңге шамасында. Былтырғы баға да осыған жақын, тек ол кезде орташа чек 16.1 млн теңгені құрады.
Оның айтуынша, ел тұрғындары заманауи, технологиялық модельдерге көп қызығады.
Біздің болжам бойынша бұл тренд жыл аяғына дейін сақталады және 2025 жылды қорытындылаған кезде сауда көлемі тарихи межеге жетуі мүмкін, - деп қосты ол.
Сарапшылар автонарықтағы белсенділіктің биыл да жалғасатынын болжап отыр.
Ең көп өткен 10 автомобильдердің арасында әдеттегідей Hyundai (4 004 бірл.; былтырғы мамырмен салыстырғанда +66,3%) көш бастады. Chevrolet әлі екінші орында (2 344; +74,3%), ал үштікті түйіндеген Kia-ның 2 004 моделі өтті (+5,3%). Биыл алғаш рет төртінші сатыға жайғасқан Changan (1 526 бірл; +124,7%) маркасы 1 367 көлігі өткен Chery-ді ығыстырды (+47,1%). Одан бөлек тізімде Jetour (1 278 бірл.; +92,5%), Haval (1 141 бірл.; +92,7%), Geely (1 009 бірл.; +124,2%), Toyota (812 бірл.; +42,2%) және Jac (794 бірл.; -22,8%) бар.
Көктемнің соңғы айында сұраныс жоғары болған модельдер ішінде Chevrolet Cobalt (1 869 бірл.) бірінші орын алды. Одан кейін Hyundai Tucson (1 554 бірл.) мен Kia Sportage (995 бірл.) тұр. Төртінші саты Changan CS55 Plus моделіне бұйырды (864 бірл.). Бесінші қатарға Hyundai Mufasa (581 бірл.) орналасты. Сонымен қатар тізімге Chery Tiggo 2 (566 бірл.), Haval M6 (553 бірл.), Hyundai Santa Fe (506 бірл.), Jetour X50 (455 бірл.) және Hyundai Elantra (445 бірл.) кірді.
Алғашқы бес ай қорытындысы бойынша Hyundai (20 102 бірл.; +36,5%) ешкімге дес берер емес. 11 078 автомобилі өткен Chevrolet екінші жүлдеге ие болды (+79,9%). Үшінші орынды Kia (9 116; +6,7%) алды. Chery дилерлері 5 898 машинаның кілтін тапсырды. Үздік бестікке енген соңғы бренд Jetour – (5 749 бірл; +78,2%).
Бұған дейін жолдардағы көліктердің басым бөлігі ескіргені туралы жазғанбыз. Сонымен қатар қауіпсіз көліктер тізімі де жасалған болатын.