30.01.2026
12:44
926
Қазақстанда волонтердің цифрлық паспорты енгізілуі мүмкін

Қазақстанда волонтердің цифрлық паспорты енгізілуі мүмкін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумының ашылуында сөз сөйлеп, еріктілер қозғалысының қоғамдағы орны мен маңызына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президент бұл жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастарды ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген нағыз отаншыл буын деп атады.

Ақорда

Президент форум қатысушыларын құттықтап:

Баршаңызға Волонтерлер форумының ашылуы құтты болсын! Бұл – шын мәнінде ерекше басқосу. Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп жатсыздар. Мен сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын, – деді.

Мемлекет басшысы БҰҰ аясында аталып өтіп жатқан Халықаралық еріктілер жылы бастамасын Қазақстан ұсынғанын еске салды. Оның айтуынша, еріктілік – адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейтін маңызды жол.

Ақорда

Тоқаев еріктіліктің мәнін нақты сипаттап берді.

Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайды. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды, – деді президент.

Мемлекет басшысы форумда көтерілген бастамаларға оң баға беріп, нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді.

Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын. Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында, – деді ол.

Ақорда

Президенттің мәліметінше, елдегі волонтерлер саны соңғы жылдары айтарлықтай артқан.

Қазақстан «волонтер боламын, қоғамдық іспен айналысамын» деген әрбір азаматты қолдайды. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты, – деді Тоқаев.

Ол экология, білім, мәдениет бағытындағы бастамаларды атап өтіп, «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларына 100 мыңға жуық адам қатысқанын айтты.

Ақорда

Мемлекет басшысы волонтерлік саланы цифрландыру мәселесіне де тоқталды.

Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек. Мен жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын, – деді президент.

Тоқаев халықаралық деңгейдегі әріптестікті күшейту қажеттігін айтты:

Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын.

Ақорда

Президент БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ТМД аясындағы бірлескен жобаларды атап өтіп, Қазақстанда ТМД елдері еріктілерінің алғашқы форумы өтетінін хабарлады. Сондай-ақ экология бағытында халықаралық волонтерлік апталықтар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы жиын соңында Үкіметке волонтерлік қозғалысты дамытуға қатысты жаңа стратегиялық құжат дайындауды тапсырды.

Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.