Қазақстанда үсік, нөсер жаңбыр және бұршақ күтіледі

Қазақстанда үсік, нөсер жаңбыр және бұршақ күтіледі

16 қыркүйекте Қазақстан аумағында үсік, жаңбыр, сондай-ақ бұршақ пен тұман күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.

Синоптиктердің болжамынша, түнде үсік жүреді:

Абай облысының шығысы мен орталығында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында -2°С-қа дейін;

Ақмола облысының солтүстік-шығысында топырақ бетінде -1°С-қа дейін.

Атмосфералық фронтальді ағындардың әсерінен Қазақстанның солтүстігінде, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысы мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Қарағанды облысында түнде, Жамбыл облысында күндіз қатты жаңбыр күтіледі, - делінген мәліметте.

Елдің қалған аймақтарында солтүстік-батыс антициклон ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі ықтимал.

Сонымен қатар, бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады:

Жоғары өрт қаупі – Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында, Батыс Қазақстан облысының шығысында, Ақтөбе облысының батысы мен орталығында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында;

Аса жоғары өрт қаупі – Алматы, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Жамбыл облыстарында, Жетісу облысында, Ұлытау облысының оңтүстігінде, Маңғыстау облысының солтүстік-батысы мен оңтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде және Ақтөбе облысының шығысында.