20.02.2025
18:10
948
Қазақстанда тұңғыш рет ұлттық деңгейде интеллектуалды турнир басталды

Қазақстанда тұңғыш рет ұлттық деңгейде интеллектуалды турнир басталды

Еліміздің 9 қаласында – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Орал, Өскемен және Семейде – интеллектуалды қазақша куизден ұлттық чемпионаттың алғашқы кезеңі өтті. Бұл – зияткерлік ойын бағытындағы ең ауқымды жарыстардың бірі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жарысқа 108 командадан мыңнан астам ойыншы қатысып, білімдерін сынады. Қатысушылар эрудиция мен логикаға негізделген сұрақтарға жауап беріп, командалық жұмыс пен тапқырлықтың маңыздылығын дәлелдеді. Барлық қалаларда бірдей сұрақтар қойылып, бәсеке әділ түрде өткізілді.

Бұл чемпионат елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жоба аясында әр қалада куиз ойындарын өткізіп жүрген жергілікті ұйымдастырушылар бірігіп, ұлттық деңгейдегі ірі интеллектуалды сайыс құрылды.

  • Жарыс ай сайын өткізіледі.

  • Бес кезеңнен кейін үздік командалар рейтинг бойынша анықталып, Астанада өтетін финалға жолдама алады.

  • Финал жеңімпаздарына 1 000 000 теңге табысталады.

  • Әр кезеңде үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы сыйлықтарға ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл чемпионат – қазақ тіліндегі интеллектуалды ойындар мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам. Жоба білімге құштар жандарды ортақ алаңда жинап, қазақ тілінде сапалы және қызықты куиздер өткізуге жол ашады.