16.02.2026
19:45
969
Қазақстанда цифрлық жобалар үшін басты марапат пайда болды

Қазақстанда цифрлық жобалар үшін басты марапат пайда болды

Қазақстанда цифрландыру енді жекелеген жобалар деңгейінен жүйелі өзгерістер кезеңіне өтпек. Биыл бұрынғы Digital Almaty алаңы жаңа форматқа ауысып, республикалық Digital Qazaqstan 2026 форумы ретінде ұйымдастырылады. Бұл – тек ІТ саласының жиыны емес, экономика, мемлекеттік басқару және өңірлік даму мәселелерін технология арқылы шешуге бағытталған ұлттық платформа.

Форум аясында өтетін негізгі оқиғалардың бірі – Digital Qazaqstan Awards ұлттық сыйлығы. Мұнда цифрлық трансформацияны қағаз жүзінде емес, нақты іске асырған жобалар марапатталады. Биыл жүлде бес бағыт бойынша беріледі: өндірістегі жасанды интеллект шешімдері, AI негізіндегі мемлекеттік қызметтер, өңірлік цифрлық өзгерістер, әлеуметтік мәселелерді шешетін технологиялар және болашағы бар AI-стартаптар.

Яғни, зауыттағы қауіпсіздікті жақсартқан алгоритм де, халыққа қызмет көрсетуді жеңілдеткен мемлекеттік сервис те, қала басқаруын цифрландырған жүйе де, әлеуметтік проблеманы шешкен қосымша да – бәрі бір алаңда бағаланады. Ұйымдастырушылар жобаларды бірнеше кезеңмен іріктейді: алдымен өтінім қабылданады, кейін кеңейтілген сауалнама, одан соң жасанды интеллект арқылы аналитикалық бағалау жүргізіледі, соңында қазылар алқасы шешім шығарады. Жеңімпаздар форумның басты сахнасында жарияланады. Өтінімдер 24 ақпанға дейін қабылданады.

Digital Bridge бас директоры Дания Ахметова бұл өзгерісті цифрландыру саясатының жаңа кезеңі деп атап өтті.

Digital Qazaqstan – соңғы жылдары қалыптасқан цифрлық экожүйенің жаңа деңгейі. Біз енді жекелеген кейстерден ауқымды әрі жүйелі трансформацияға көшіп отырмыз. Бұл процесте өңірлер экономикалық және технологиялық дамудың толыққанды драйверіне айналады, – дейді ол.

Форум енді бір қалаға ғана байланбайды. Digital Qazaqstan еліміздің әртүрлі өңірлерінде өтіп, технологияларды нақты экономика секторына, мемлекеттік басқаруға және әлеуметтік салаға тікелей енгізуге бағытталады. Негізгі тақырып – Industry 5.0. Яғни адамды алмастыру емес, адам мен технологияның серіктестігі: жасанды интеллект, деректер және робототехника өнімділікті арттыруға да, өмір сапасын жақсартуға да қызмет етуі тиіс.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Awards-қа қатысу – тек жүлде үшін бәсеке емес. Бұл жобаны сарапшыларға көрсету, инвесторлар назарын аудару және елдің цифрлық даму күн тәртібінің бір бөлігіне айналу мүмкіндігі.