27 наурыз күні Шымкентте алғаш рет халықаралық Digital Qazaqstan 2026 форумы өтеді. Digital Almaty форумы жаңа деңгейге шығып, Digital Qazaqstan атауымен еліміздің басты ұлттық технологиялық форумы ретінде бекітілді. Бұл алаң Қазақстанның барлық өңірін біріктіріп, цифрлық бастамалар, IT-компаниялар, өнеркәсіптік тапсырыс берушілер мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайтуды көздейді.
Форумның Алматыдан тыс жерде өткізілуі – маңызды өзгерістің белгісі. Енді цифрландыру бір қалаға ғана шоғырланбай, өңірлер экономикасымен тығыз байланысқан жүйе ретінде дамиды.
Өңірлерге бағытталған жаңа формат
Digital Qazaqstan бастапқыдан-ақ көшпелі форматта жоспарланған. Алдағы уақытта форум әртүрлі қалалар мен индустриялық орталықтарда өтіп, географиясын кеңейе түседі. Бұл тәсіл цифрлық трансформацияны нақты экономикамен үйлестіруге бағытталған жаңа модельді көрсетеді. Яғни технологиялар енді тек көрме үшін емес, өндірісті, инфрақұрылымды және басқару процестерін жаңғыртудың нақты құралына айналады.
Шымкенттің алғашқы алаң ретінде таңдалуы да кездейсоқ емес. Бұл – елдегі ірі экономикалық орталықтардың бірі, индустриялық әлеуеті жоғары әрі технологиялық жаңаруды қажет ететін өңір.
Industry 5.0 және қолданбалы технологиялар
Форумның мазмұндық негізі Industry 5.0 тұжырымдамасына құрылған. Бұл кезеңде цифрлық жүйелер адамды алмастырмай, керісінше оның рөлін күшейтеді. Нәтижесінде, аталған форум жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізуге, өндірістік процестерді автоматтандыруға, деректерді басқарудың негізгі ресурсына айналдыруға мұрындық болады.
Форумда басты назар теориядан гөрі практикаға – экономиканың әртүрлі саласына енгізуге болатын және ауқымды түрде қолдануға лайық шешімдерге аударылады.
Көпқабатты экожүйе
Форум бағдарламасы бірнеше бағыттан тұрады: пленарлық отырыс пен салалық пікірталастар, технологиялық шешімдер мен стартаптар көрмесі, цифрлық креатив индустриялары аймағы.
Креативті индустриялар алаңында ойын демолары, анимация, арт-жобалар және интерактивті формат ұсынылады. Сонымен қатар инвесторлармен тікелей байланыс орнатуға арналған pitch-сессиялар өткізіледі. Бұл форумды тек идея алмасу емес, нақты келісім жасалатын алаңға айналдырады.
Digital Qazaqstan Battle: стартаптар бәсекесі
Форум аясындағы негізгі оқиғалардың бірі – Digital Qazaqstan Battle ұлттық технологиялық байқауы. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен өңірлерде іріктеу өтеді. Финалистер Шымкентте бас қосады. MVP деңгейіндегі жобалар қазылар алқасы мен инвесторларға таныстырылады. Жүлде қоры – 19 млн теңге. Алайда байқаудың басты құндылығы – жобаларды нарыққа шығару, инвестиция тарту және ауқымдау мүмкіндігі. Жобалар нарықтағы әлеуетіне, өсу мүмкіндігі мен инвестиция тарту жағына қарай бағаланады.
Одан бөлек, форум аясында хакатондар, қолданбалы конкурстар, Digital Qazaqstan Awards марапаттау рәсімі өтеді. Осылайша, алаң әзірлеушілерді, кәсіпкерлерді, инвесторларды және мемлекеттік институттарды біріктіретін толыққанды экожүйеге айналады. Форумды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі мен
Astana Hub халықаралық инновациялық кластері бірлесіп ұйымдастырады. Іс-шара шығындары бюджеттен тыс, серіктестік және демеушілік қаражат есебінен қаржыландырылады.