Қазақстанда су тасқынынан 7 адам қаза тапты - ІІМ

18 Сәуір, 11:23 1101

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Сенат кулуарында еліміздегі су тасқыны жағдайында қанша адамның мерт болғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Қазақстанның бірнеше өңірінде қайғылы оқиға болған.

Атырау облысында 4 адам, Түркістан облысында кішкентай бала батып кетті. Ол оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ оның сөзінше, жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Қазіргі таңда адамдардың жоғалу фактісі бойынша жеті қылмыстық іс қозғалды. Барлық іске алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Марат Қожаев.

Ол хабар-ошарсыз кеткендердің барлығына қатысты іс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қалай жоғалғаны, осы оқиғаға кімдердің кінәлі екенінің бәрі анықталатын болады деп айтты.

Журналист "Тасқын судың құрбаны 5 адам деп айта аламыз ба? Әлде бұл дерекке Аягөздегі 2 адам өлімін де қосамыз ба? " деп сұрағын нақтылады.

Марат Қожаев табиғи апаттан жалпы 7 адам қаза тапқанын жеткізді.

Иә, Аягөздегі 2 адамның өлімін қосу керек, - деді ол.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: