Қазақстанда су тасқынын болжау бойынша халықаралық технологиялар енгізілмек

24 Тамыз, 10:36 514

Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынын болжау және модельдеу бойынша озық халықаралық тәжірибелерді зерттеуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі озық халықаралық тәжірибелердің негізінде су тасқынын талдау, болжау және модельдеудің​ цифрлық шешімдерін бейімдеу бойынша жұмыс атқаруда.

Министрлік дамыған мемлекеттердің тәжірибесін зерттеу арқылы TALSIM (Германия) және Delft-FEWS (Нидерланд) жүйелерін таңдап алды. Су тасқынын болжаудың тиімділігі мен дәлдігін арттыру үшін аталған әдістерді бірыңғай жүйеге біріктіру жоспарланып отыр.

Аталған жүйе гидрологиялық және бұлт, ылғалдылық, жауын-шашын секілді ауа-райы деректерінің негізінде сараптама жасайды. Қазіргі уақытта жүйеге Есіл өзені бассейнінің деректері енгізіліп жатыр.

Айта кету керек, алдағы уақытта елімізге Нидерландтан жүйені әзірлеуші мамандар келеді. Олар қазақстандық мамандармен бірге өңірдің ерекшелігі мен сұранысын ескере отырып, жүйені жергілікті жағдайға бейімдеу мүмкіндіктерін пысықтайтын болады.

«Жүйені әзірлеу барысында біз су тасқынын болжау және алдын алу бағытында тәжірибесі мол мемлекеттерді зерттедік. Осылайша, германиялық TALSIM және нидерландтық Delft-FEWS жүйелерін пайдаланып, су тасқынын болжау және модельдеудің цифрлық балама құралы ретінде пилоттық режимде енгізу жөнінде шешім қабылдадық. Осы шешімдерді пайдалану су тасқынын болжау және алдын алу мүмкіндігін арттырудағы маңызды қадам болып табылады»,- деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: