Қазақстанда су ресурстарын басқаратын «Қазгидрогеология» қоғамы құрылады

8 Сәуір, 15:23 2515

Қазақстанда «Қазгидрогеология»  ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылсын, – делінген қаулыда.

«Қазгидрогеология»  ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Су ресурстары және ирригация министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдар тізбесіне енгізіледі. Министрліктің ұсынысына сәйкес, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстары және мемлекеттік мониторинг саласында мемлекеттік саясатты жүргізу үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті өкілеттіктерге ие болады. Жерасты суларын ұтымды пайдалану мәселесі ерекше бақылауда болады. 

Болжам бойынша, еліміздегі жерасты суларының көлемі шамамен 40 текше километр, оның ішінде 15 текше километр – пайдалануға дайын қор. Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасында жерасты суларын пайдалану үлесі небәрі 7-10%. Біз халықты ауыз сумен қамту, суару және жайылымдық мал шаруашылығы үшін жерасты су ресурстарын белсенді пайдалануға ниеттіміз. Бұл ретте еліміздің жерасты сулары қорларының сарқылуына және ластануына жол берілмейді, - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Құжатта мекеменің жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландырумен айналысатыны айтылған. Сонымен бірге бұл компания деректер қорын және гидрогеология және геофильтрациялық модельдер, цифрлық және картографиялық деректер қоры саласындағы тұрақты жұмыс істейтін геоақпараттық жүйелерді және жерді қашықтықтан зондтау деректерін қолдана отырып, оларды басқару жүйелерін құруға тиіс.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен компания жарғысын бекітуі керек.

Сонымен бірге басқару органдары құрылғанға дейiн коммерциялық емес акционерлік қоғам атынан мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарға қол қою, қаржы-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру және үшiншi тұлғалардың алдында оның мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi тұлғаны сайлауы керек болады.

Мекеме әділет органдарында мемлекеттік тіркеліп, оның акцияларының мемлекеттік пакетіне меншік және пайдалану құқықтары Қазақстан Республикасы Су шаруашылығы және ирригация министрлігіне беріледі.

Қаулы оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: