24.01.2026
17:57
1348
Қазақстанда соңғы 10 жылда балалар үйінде тәрбиеленушілер саны екі есе азайды

Қазақстанда соңғы 10 жылда балалар үйінде тәрбиеленушілер саны екі есе азайды

Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде шамамен 3 мың жетім бала отбасыларға орналастырылған. Осы шара аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қамқоршылардың сенімділігін бағалау мен бақылаудың жаңа моделі енгізілді.

Институционалдық емес көмекке көшу қарқыны соңғы 10 жылдың статистикасынан анық байқалып отыр. Мәселен, осы кезеңде еліміздегі интернаттық ұйымдар желісі 24%-ға қысқарып, ондағы тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайған. 

Отбасылық тәрбиелеу формаларына көшу қорғаншылық және қамқоршылық органдары жұмысының сапасын арттыруды талап етеді.  Осыған байланысты аталған органдардағы мамандар саны 3,3 есеге ұлғайып, 303 қызметкерден 1028 маманға дейін артқаны байқалды. Бұл әрбір отбасына жеке сүйемелдеу көрсетіп, балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік беріп отыр. 

Сонымен қатар, былтырғы жылдан бастап заңды өкілдерді іріктеу талаптары күшейді. Енді қамқоршылар міндетті түрде жыл сайын кешенді тексеруден өтеді. Тексеру табыс көздерінің расталуын, денсаулық жағдайын, тұрғын үй жағдайының сәйкестігін және соттылығының болмауын қамтиды. Кез келген тәуекел факторлары, оның ішінде заңды өкілдің сотқа тартылуы немесе психоневрологиялық немесе наркологиялық диспансерге есепке алынуы қамқоршылық міндетінен дереу шеттетуге негіз бола алады.

Балаларды қолдаудың баламалы тетігі ретінде тәлімгерлік институты да жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде 360-тан астам тәлімгер бар. 2025 жылдан бастап тәлімгерлер үшін міндетті кәсіби сертификаттау енгізілді. Бұл ретте баланың туыстық байланыстарын сақтау негізгі басымдық болып қала береді, сондықтан ең алдымен оны жақын туыстарына орналастыру мүмкіндігі қарастырылады.

Қазіргі таңда елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 20 798 бала бар, олардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. .