28.01.2026
19:14
375
Қазақстанда саяси партияларды шетелдік қаржыландыруға тыйым салу ұсынылды

Қазақстанда саяси партияларды шетелдік қаржыландыруға тыйым салу ұсынылды

Қазақстанда саяси партияларды шетелдік қаржыландыруға заң жүзінде тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – ішкі саяси тұрақтылықты нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту.

– Бүгінде әлемдік тәртіп түбегейлі өзгеріп жатыр. Ұзақ жылдар бойы тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз еткен халықаралық құқық нормалары әлсіреуде. Әлем барған сайын тынышсыз әрі болжауға келмейтін күйге түсіп отыр, – деді депутат.

Марат Башимов сыртқы тұрақтылық мықты ішкі негізсіз мүмкін емес екенін атап өтіп, Қазақстан үшін конституциялық тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекше маңызға ие екенін жеткізді.

Маңызды қадамдардың бірі ретінде ол бір палаталы Парламентке көшу мүмкіндігін атады. Депутаттың пікірінше, бұл жоғары өкілді органның жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, ол шетелдік заңды тұлғалардың, шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ шетелдік қатысуы бар отандық заңды тұлғалардың саяси партияларды қаржыландыруына жол бермеу қажеттігін айтты.

Депутаттың сөзінше, 2026 жылға жоспарланған конституциялық реформа «адам – мемлекеттік саясаттың басты құндылығы» қағидатын жалғастырады.

– Адамның құқықтары мен бостандықтары туа біткен, оларды мемлекет бермейді. Реформаның негізгі мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтарын нақты қорғау мен мемлекеттік басқару сапасын арттыру, – деді ол.

Сондай-ақ Марат Башимов Ұлттық құрылтайда Президент жариялаған жалпыұлттық құндылықтарды атап өтті. Олардың қатарында тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділеттілік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық, кәсібилік, жаңашылдық пен шығармашылық бар.

Депутаттың пікірінше, конституциялық реформа Қазақстанның прогрессивті дамуына жол ашып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады әрі азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді.