Қазақстанда русофобия жоқ – сарапшы

6 Маусым 2023, 18:03 1215

Қазақстан посткеңестік кеңістіктің ішінде ірі ұлтаралық жанжалдарға жол бермеген – бейбітшілік аралы. Осы күнге дейін солай болып келді. Ал «Жаңа Қазақстанда» басқаша болуы мүмкін емес. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар, шындығына келгенде, бір ұлт саналады. Шетелді бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзден астасып жатыр», - деген сөзі дәлел.

Бүгінгі міндет – еліміздегі айрандай ұйып отырған барша этникалық топтардың бірлігі мен достығын сақтап қалу. Қазіргі күрделі геосаяси жағдай да ұлттық бірліктің маңызы аса зор. Әлем де болып жатқан оқиғалардың әсері, құбылыстардың ықпалы шырқымызды бұзбауы тиіс. Жасыратыны жоқ, Украина мен Ресей арасындағы соғыс әлемде русофобияны күшейткені анық. Мұның ықпалы бірлігі жарасқан елімізде де оқтын-оқтын көрініс береді. Қайшылық ішкі ахуалдан емес, сыртқы үрдістерден туындағанын баса көрсеткен жөн. Қазақстандық сарапшылардың дені осы пікірді қолдайды.

«Бірполярлы әлем көпполярлы әлемге айналып келеді»

Саясаткер Петр Своик жеке адам ретінде елімізде русофобияға жолықпағанын айтады. Десе де, ішінара интернет кеңістігінде кездестіреді екен. Көбіне түсініктемелерде. Украинадағы жанжалдың әсері екеніне күмән келтірмейді. Своиктің пікірінше, соғысушы тараптардың әрқайсысының өз шындығы бар.   

Қазақстан соғысқа қатыспайды. Көпвекторлы елміз. Сондықтан қоғамда поляризация жүріп жатыр. Русофобиямен күрестен бірдеңе шығады деп айта алмаймын. Ол үшін алдымен соғыс әрекеттері тоқтауы тиіс. Бұл соғыс – гибридті соғыс. Бұл соғыстың әскери қырына келсек, өте өткір әрі қайғысы басым. Бүкіл назар соған ауып тұр. Әр адамның Украинаны немесе Ресейді қолдауы құқығы болуы тиіс. Бұл – адамдардың жеке құқығы. Ешкімге бұйрық бере алмайсың, – дейді саясаткер.

Петр Своиктің айтуынша, бұл соғыс әлемді бөліске салу үшін болып жатыр. Бірполярлы әлем көпполярлы әлемге айналып келеді. Соғыс енді құрылып келе жатқан Еуропалық және Еуразиялық блок арасында жүріп жатыр. Қытай да өз блогының ірге тасын қалай бастаған. Оған сенсек, адамзат мұндай әлем бөлінісін бұрын-соңды бастан өткерген емес. Бұл – Рим империясының шаңырағы құлауынан, Ресей, Герман Австрия-Венгрия және Осман империяларының, Кеңес Одағының құрдымға кетуінен де күшті үрдіс. Сондықтан, шығындар, драматизм де өте үлкен.

Соғыс осы жылда аяқталса да, әлемді бөліну үдерісі ұзақ жылдарға созылады. Қазақстан өзінің қай полюсте отырғанына есеп беруі тиіс. Біздің Еуропалық қауымдастықтың бір бөлігі болуымыз неғайбыл. «Ресей ұтылады, бірнеше бөлікке бөліп, атом қаруын тәркілеп алады, біз Еуропалық қауымдастыққа кіреміз», – дегендей нұсқаны шын мәнінде қарастыру мүмкін емес. Сондықтан, әлемдік геосаяси орталық ретінде Еуразиялық экономикалық кеңістікті қарастыру шынайы, объективті болар еді, – дейді Петр Своик.  

Либералды көзқарастағы қазақстандық саясаткер Сергей Дуванов та еліміздегі ұлты орыс азаматтардың бәрі бірдей Кремльдің саясатын қолдап отырмағанын айтады. 

«Русофобия» – құрал ма?

Қалай десек те, бұл тақырып Ресей үшін де аса маңызды. «Русофобия» деген сөз ресейлік БАҚ-тар мен саясаткерлердің аузынан жиі естіледі. Бұған қатысты көзқарас Ресейдің өзінде де түрліше.

«Русофобия» – таза саяси ұғым. Ойдан шығарылған үгіт-насихат құралы. Ең алдымен мұны Ресейдің ішкі «патриоттары» «ұлттық дұшпандарын» айқындау үшін пайдаланды, – дейді Ресейдің Экономикалық жоғары мектебінің профессоры Иосиф Дзялошинский түсініктемесінде.

Оның пікірінше, бүгінде Ресей Батыс БАҚ-тарында жағымсыз кейіпте суреттеледі.

«Бұрын Путин бағытымен келіспейтіндердің бәрін «русофоб» деп атаса, енді бұл сыртқа таңылатын болды. Бүгінде Украина, Қырым, Сирияға байланысты Батыс баспасөзі Ресейді айыптап жүр. Әңгіме елді немесе оның тұрғындарын жаппай жақтырмауда емес. Мәселен, Ұлыбританияның бұрынғы басшысы Борис Джонсон Ресейге қарсы санкциялар туралы сөз ете келе, британия билігінің әрекеті ресейліктерге емес, Кремльге қарсы бағытталғанын айтты. Орыс билігі болса, жауапкершілікті барлық тұрғындармен бөлісуге ұмтылып жатыр», – дейді ресейлік профессор.  

Қазақстанда русофобия жоқ

Қазақстандық саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедтің пікірінше, Қазақстанда русофобия жоқ. Бұлай деуге толық негіз бар.

Меніңше, «Ресейден үлкен қауіп келуі мүмкін» деген пікір бар. Бұл – русофобия емес, Ресейофобия деген жөн болар. Бірақ орыс азаматтардан қорқып жүрген ешкімді байқамадым. Өзіміз орыстардың арасында тұрып жатырмыз. Сәлеміміз түзу. Алматы да, Солтүстік өңірлерде олардан қорқып жатқан ешкім жоқ. Бұл русофобияға жатпайды, – дейді саясаттанушы.  

Десе де, Бөріхан Нұрмұхамед Ресейге қатысты бір түйткіл бар екенін айтады. Бұл ең алдымен Ресей басшылығының саясаты, оны қолдап жатқан халыққа қатысты. Осы мәселе біраз адамдарды алаңдатып отыр екен.

Ел басшылығы сондай шешім қабылдаған кезде, қоғамдық күштер, демократиялық, мемлекеттік институттар бұған жол бермеуі керек еді. Әңгіме осында. Сайланған Мемлекеттік Дума, сайланған губернаторлар, саяси партиялар бар. Осылардың бәрі Украинадағы соғысқа пікір айтып, қарсылығын білдірсе, сөз басқа. Ондай әңгіме шықпаған соң, мемлекет саясатын толық қолдап отырғаннан кейін біршама қауіптену бар, – дейді саясаттанушы.

Бөріхан Нұрмұхамедтің пайымдауынша, қазақстандық орыстарға келсек, қауіптенетін ештеңе жоқ. Олар еліміздегі жағдайға өздері куә болып отыр.

Мәселен, мобилизация кезінде қазақтардың Ресейден ағылған орыстарды құшақ жайып қарсы алғанын, олар жұмысқа еркін орналасып, нәпақа тауып жүргенін көріп отыр. Қазақстан болсын, Грузия, Армения мен Қырғызстан болсын, барлық жерде релоканттарға түсіністікпен қарап, қарсы алып жатыр. «Ойпырмай, мыналар қаптап кетті, ертең бәле болады» деген сөз де сирек айтылды да, қойды. Үкіметтің де көзқарасы оң болды. Елімізде русофобияға ешқандай негіз жоқ, – дейді сарапшы.

Сәкен Арыс
Бөлісу: