Қазақстанда қысқы демалысты қайда өткізуге болады?

24 Қаңтар 2023, 11:00 2409

Қазақстан жері кең-байтақ әрі табиғаты әсем мемлекет. Сол әдемілікті көріп, туған еліміздің мәдениетімен таныс болып, демалуға келетін туристер саны жыл санап артуда. Қазіргі қыс мезгілінің өзінде уақытты көңілді өткізуге арналған шетелдің ешбір жерінен кем түспейтін керемет жерлеріміз көп.

Олай болса, El.kz ақпараттық агенттігі сіздерге Қазақстанда кеңінен тараған демалыс орындарын ұсынады.

Түркістан

Суреттер: Марат Амиров

Түркістан – Қазақстандағы тарихи, ең әдемі, көне қаланың бірі. Оны көріп, қалада демалып қайтысы келетіндер өте көп. Жазда ғана емес, қыстың күні саяхаттап келуге өте қолайлы жер. Өйткені бұл жердің қысы басқа өңірлермен салыстырғанда жылы өтеді. Қаланың тарихы терең Қожа Ахмет Ясcауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, «Төле би» таулары, «Керуен сарайы» атты ерекше нысаны бар. Оған қоса «Ұшатын театр» көпшіліктің көңілінен шыққан театр орналасқан. Ол 8D форматында Қазақстанның көрікті жерлерін биіктен тамашалауға мүмкіндік береді.  Сондай-ақ «Ақмешіт» үңгірін де атап кетуге болады. Бұл жерге барған халық дұға тілеп, мінәжат етіп қайтады. Егерде сіз тарихи жерді аралап, уақытыңызды қызықты өткізгіңіз келсе, Түркістанға барып, саяхаттап қайтуға кеңес береміз.

Бурабай ұлттық паркі

Суреттер: Чингиз Майсеитов

«Қазақстанның Швейцариясы» аталып кеткен Бурабай ұлттық паркінің өзіндік ерекшелігі бар. Ауасы таза, таулары биік, ал көлдері көзтартарлық. Оған қоса мұндағы қарағай мен қайың ағаштары Бурабай табиғатының сұлулығын толықтырып тұрғандай көрінеді. Ол Астана қаласынан небәрі 3-4 сағаттық шақырым жерде орналасқан.

Тұрғындар қыс мезгіліндегі демалысын ұлттық паркке келіп, сауықтыру орталықтарына, қонақ үйлерге барып өткізіп жатады. Сіз де Бурабайда бассейнге, түрлі спорт залға барып денеңізді шынықтыруыңызға болады. Сонымен қатар қоршаған ортаға шығып, шана, коньки, шаңғы тебе аласыз. Тіпті атқа отырып серуендеген күннің өзінде Бурабайдың табиғатына тамсана қарайтын боласыз. Егерде ұлттық паркке келу туралы шешім қабылдайтын болсаңыз, мұндағы «Жұмбақтас» жартасы, «Оқжетпес» жартасы, «Ақылбай» асуы сынды тарихи маңызы бар жерлерді өз көзіңізбен көріп, тамашалауға берілетін таптырмас мүмкіндік болар еді.

Шымбұлақ

Шымбұлақ Іле Алатауы шатқалында орналасқан Қазақстандағы ең үздік демалыс орындарының біріне жатады. Бұл жерге демалуға барған тұрғындар таудың әдемі көрінісін тамашалап қана қоймай, шаңғы, сноуборд теуіп көңіл көтере алады.

Тау шаңғысы курортының қасында «Медеу» спорт кешені бар. Мұз айдынында коньки тебуге болады.

Сондай-ақ Шымбұлақта тау беткейлерімен жүріп өтетін қар трассалары бар. Бұл көріністі тамашалау үшін кез келген адамға отырып сырғанауға мүмкіндік жасалған.

Демалуға келген кез келген турист үшін өте ыңғайлы жер. Оларға қалуға болатындай барлық жағдай жасалған. Қонақ үй, тамақтанатын жер сынды қажет жердің барлығы бар.

Зеренді

Зеренді ауданы Астана қаласынан шамамен 3 жарым сағаттық жерде орналасқан. Табиғатта демалуға қажетті таза ауа, орман, көлдің бәрі де осында. Тіпті шаңғы да теуіп, шанамен сырғанып, орманды аралап шығып көңіліңізді көтере аласыз. Себебі Зерендінің қысы ұзақ, шамамен 140-160 күндей жерде қар жатады. Мұнда қонақ үй мен демалыс орындары да шоғырланған. Сондай-ақ Зерендіде «Қарағайлы», «Зерен Плюс», «Сұңқар», «Құлпынай мүйісі», Мәлік Ғабдуллин атындағы және Еуразия университетінің спорттық сауықтыру лагері орналасқан. Оған қоса «Аққайың шипажайы», «Жасыл мүйіс», «Ұшқын», «Шығыс» сынды түрлі демалыс базасы да бар. Зерендінің маңында тұрған  шипалы сазымен емделуге болады. Туристер тынығуға жиі келетін жердің бірі деуге де болады. Бағасы да көпшілікке қолжетімді.

Қарқаралы

Қарқаралы – Қарағанды облысында орналасқан 2 мың жылдан астам тарихы бар өңір. Табиғатқа шығып, демалысын қызықты өткізгісі келетін саяхатшыларға арналған орын. Шаңғы тебуге болатын арнайы база шоғырланған. Қаладан қашалған таңбалы тастарды, бертінде салынған бекініс орындарын байқауға болады. Мұнда келген туристер тіпті ақын Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының салған мешіті мен Шайтанкөлді көріп кете алады. Бұл жерден Қазыбек би, сазгер Тәттімбет, Әлихан Бөкейханов, алғашқы қазақ заңгері Жақып Ақбаев сынды ұлы тұлғалар шыққан. Қарқаралыдағы «Суық бұлақ», «Үш үңгір» қазба орыны, Кент тауларынан табылған «Алтын адам» жәдігері құнды болып есептеледі. Оның тауларының бір ерекшелігі – бұлақ көздерінің мөлдір әрі мол болуында. Бұл жерге шамамен жылына 10 мыңдай туристер келіп демалады. Себебі бұл жер Қазақстанның негізгі туристік аймақтарының біріне жатады. Қарқаралыға демалуға келген саяхатшылар керемет әсер алып кетері сөзсіз.

Шонжы ауылы

Шонжы – Алматы облысындағы Қытай шекарасына жақын орналасқан, демалуға арналған қолайлы ауыл. ­Қыс мезгілінде рахаттана түсетін ыстық су қайнарлары бар. Олардың саны 140-қа дейін жетеді. Су  азот, кремний, натрий, кальций сынды түрлі  минералды тұзбен қаныққан, денсаулыққа тигізер пайдасы зор. Демалушылар әртүрлі температурадағы бассейнге түсе алады. Олай дейтін себебіміз, қаншама саяхатшылар келіп, бұл жерден талай дертінің емін тапқан. Бұл ыстық бұлақтың суы жараға ем болып, асқазан-ішек жолдарының кейбір ауруларын жеңілдетуге септігін тигізетіні анық.

Бұл минералды сулар тек шомылуға ғана емес, ішуге де жарамды. Оны гастрит, колит, бауыр мен өт жолдарының патологиялары, цистит, қант диабеті, ағзадағы минералды алмасудың бұзылуы аурулары мазалайтын емделушілерге ішкен жөн.

Егер демалыс уақытын өзіңіз үшін пайдалы өткіземін десеңіз, сізге Шонжы ауылына келіп демалуға кеңесімізді ұсынамыз.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: