Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс саласындағы негізгі жетістіктер туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда оның үлесі еліміздің жалпы ЖІӨ-нің 5,6%-ын құрайды. Салада 667 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 53 мыңға жуық кәсіпорын қызмет етеді, оның 2 903-і құрылыс материалдарын өндіреді. Министрдің айтуынша, биылғы 11 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9 трлн теңгеге жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3%-ға артық. 2024 жылдың соңына дейін рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қараша айының қорытындысы бойынша 16,3 млн шаршы метр тапсырылды, жыл соңына дейін тағы 1,7 млн шаршы метр пайдалануға беру жүргізілуде.
Салаға қаражатты инвестициялаудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін Министрлік тұрғын үй құрылысын ынталандыру бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Осы жылы барлық көздер есебінен аталған мақсаттарға шамамен 965 млрд теңге жоспарланған, бұл 160 мыңнан астам азаматтың 41 мың жаңа пәтерге қоныстануын қамтамасыз етеді. Мұқтаж азаматтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлінеді, — деді Қанат Шарлапаев.
Биыл мемлекеттік қолдау есебінен 22 мыңнан астам жалға берілетін пәтер сатып алуға 330 млрд теңге қарастырылып, әкімдіктерге 305 млрд теңге аударылды. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен 165 млрд теңге сомасында 10 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 2% және 5% бойынша жеңілдетілген ипотекалық қарыздар есебінен бүгінгі күні 94,5 млрд теңге сомасына 7 861 қарыз берілді.
Тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік желілерді тартуға 83 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың мамыр айынан бастап «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 2024 жылға 300 млрд теңге сомасына 12 мың қарыз беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 172 млрд теңгеге 6 мыңнан аса қарыз берілді.