17.07.2025
16:30
4438
Қазақстанда қазақша ойлайтын бес жасанды интеллект жүйесі жасалды

Қазақстанда қазақша ойлайтын бес жасанды интеллект жүйесі жасалды

Жасанды интеллект саласында Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер мен Жасанды интеллект институты — ISSAI бес бірдей инновациялық өнімді таныстырып, еліміздің технологиялық дербестікке бет алғанын көрсетті. Жаңа жүйелер толықтай қазақ тілінде жұмыс істей алады және ұлттық тілдік әрі мәдени ерекшеліктерге бейімделген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы

Ұлттық жасанды интеллекттің бес озық өнімі

Oylan 2.5 — Көптілді көмекші, бастысы — қазақша. Бұл жүйе — түрлі тілде сөйлей алатын интеллектуалды ассистент. Бірақ басты ерекшелігі — қазақ тілінде еркін жауап береді. Латын қарпінде де жұмыс істейді.

MangiSoz 2.0 — Сөйлесеңіз, түсінеді. Нағыз диалог құра алатын көмекші. Қазақша тыңдайды, түсінеді және жауап қайтарады. Табиғи дауысқа өте жақын. Сонымен қатар, тілдер арасында аударма да жасайды.

TilSync — Сөзіңізді субтитрге айналдырады. Қазақ тіліндегі тікелей сөйлеуді нақты уақытта субтитрге немесе басқа тілге аударады. Онлайн кездесулер мен тікелей эфирлер үшін өте ыңғайлы құрал.

Beynele — Қазақы көрініс салатын визуалды ЖИ. Мәтінмен сипаттасаңыз жеткілікті — жүйе қазақы нақыштағы иллюстрация жасап береді. «Домбыра тартқан қыз» десеңіз — ұлттық нақыштағы бейнені өзі салып береді.

Mangitas 02 — Отандық ЖИ-ға арналған қауіпсіз сервер. Мұндағы басты артықшылық — деректер сыртқа шықпайды. Бұлтқа тәуелді емес. Қазақстанның ұлттық инфрақұрылымына бағытталған қауіпсіз әрі тиімді шешім.

Шетелдік жүйеден басты айырмашылығы — қазақша ойлауы

Бұл жобалар әлемдік ЖИ платформаларынан түбегейлі өзгеше. ChatGPT сынды жүйелер қазақша сөйлесе де, қазақша нақты ойлау мен түсіну қабілетінен кейде мақұрым болуы мүмкін. Мысалы, мәтінді немесе суретті сұрағанда, қазақтың болмысына дәл келмейтін мазмұн ұсынуы ықтимал. Ал ISSAI мамандарының жасаған жүйелері осы олқылықтардың орнын толтырып отыр.

Бағасы қолжетімді, аудармасы дәл, қызығушылық жоғары

ISSAI ұсынған жүйелер тек сапалы ғана емес, бағасы да тиімді. Мысалы, 250 мыңнан 1 миллион токен аралығындағы пакет шамамен 4000 теңгені құрайды. Жоба жасау үшін деректерді жинауға 4 айдан 7 айға дейін уақыт кетеді. Бес тілде — қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде нақты әрі таза аударма жасай алады. Тіпті шетелден және еліміздің өңірлерінен жас мамандар мен студенттер ISSAI-ға тәжірибе алмасу мақсатында келіп, қызығушылық танытуда.

ISSAI: технологияны қазақша сөйлеткен институт

ISSAI институты 2019 жылы құрылған. Ал 2024 жылы автономды мәртебеге ие болды. 2024 жылы желтоқсанда елімізде алғаш рет KazLLM деп аталатын ірі тілдік модель таныстырылды — бұл да ұлттық ЖИ экожүйесінің бір бөлігі.

Институт басшысы, доктор Хусейн Атакан Варолдың пікірінше, бұл жобалар — Қазақстан үшін тек технологиялық емес, мәдени серпіліс:

Қазақстан өз халқы үшін, өз тілінде және өз ережелерімен озық интеллектуалды жүйелерді жасай алатынын дәлелдеп отыр. Бұл — қазақстандық зерттеушілердің, инженерлер мен деректер мамандарының қажырлы еңбегі, — дейді ол. 

Жаңа жүйелер елімізде жақында іске қосылған алғашқы отандық суперкомпьютермен үйлестірілген. Яғни Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға арналған тұтас экожүйе қалыптасып келеді. ISSAI әзірлеген өнімдер қазірдің өзінде әлем бойынша қолжетімді. Бұл — технология мен тілдің тоғысқан тұсы ғана емес, ұлттық дербестікке бастар жолдың негізі.