Қазақстанда жыл сайын 4,5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады, алайда оның 25,8%-ы қайта өңделеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Вице-министрдің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елде 2 973 полигон тіркелсе, оның 608-і ғана заңдастырылған. Бүгінгі таңда әкімдіктер 7 жаңа нысан салып пайдалануға берді, ал 23 жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайын, тағы 18 жоба әзірленіп жатыр.
Министрлік сондай-ақ 11 өңірде кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен 43 полигон құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтауда. Болжам бойынша жалпы құны – 53 млрд теңге.
«Таза Қазақстанның» тағы бір маңызды бағыты – елді мекендерді көгалдандыру және орман аумағын кеңейту. Вице-министрдің сөзінше, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 369 млн көшет отырғызылды, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл көшеттерінің 48,7 млн данасы егілді. Сонымен қатар орман тұқымбақтарын дамыту арқылы сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, – деді вице-министр.
Сөзін аяқтай келе, Мансұр Ошурбаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Таза Қазақстан» экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, бүкіл қоғамды ел болашағы үшін жауапкершілікке тартуға ықпал етеді. Бұл бастама айналадағы тазалықпен қатар, азаматтардың рухани тазалығына да бағытталған, – деді ол.
Бұған дейін «Таза Қазақстан» аясында қанша миллион ағаш отырғызылғанын жаздық.