Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшысы Асхат Хасенов 2022 жылдың соңынан бастап елімізде Теңіз кен орнының шикізат базасында жұмыс істейтін полипропилен өндіру зауыты (KPI) табысты қызмет етіп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Асхат Хасенов биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, зауытта 126 мың тонна полипропилен өндірілгенін, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73% артық көрсеткіш екенін жеткізді.
Жыл соңына дейінгі өндіріс көлемі 486 мың тонна болады деп болжанып отыр. Жалпы, зауыт іске қосылғаннан бері қазақстандық полипропилен экспорты 9 есе ұлғайды. Сонымен қатар, гомополимерлер импорты 63%-дан 17%-ға дейін қысқарды, – деді Асхат Хасенов.
Компания басшысының айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі полипропилен бағасы көрші мемлекеттермен салыстырғанда ең төмен деңгейде.
Өңдеуші кәсіпорындарды қолдау мақсатында 2024 жылы «Форсаж» бағдарламасы іске қосылған. Бұл бағдарлама тұтынушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, полипропиленді жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні отандық кілем бұйымдарын, полимерлі гофроыдыстарды, қосалқы материалдарды және басқа да өнімдерді шығаратын кәсіпорындармен 8 форсаж келісімі жасалды. Олар үшін ұсынылатын жеңілдік мөлшері 11%-дан 23%-ға дейінгі аралықта, – деді Хасенов.