Қазақстанда ойын мекемелерінің саны 50 есе қысқарды

15 Маусым 2023, 21:13 677

Мәдениет және спорт министрлігі жыл басынан бері ойын бизнесі саласындағы 6 лицензияның күшін сот тәртібімен тоқтатты. Осыған ұқсас тағы 7 ұйымға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, 2022 жылы мемлекеттік бақылау аясында жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, 7 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 1 ойын автоматтары залы лицензиядан айырылды, бірінші инстанция соттың шешімімен үш залдың қызметі тоқтатылды, 6 әкімшілік айыппұл салынды. Бұдан бөлек алдын алу жұмыстардың қорытындысы бойынша 15 букмекерлік лицензияның күші жойылды.

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қатысуымен ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға, сондай-ақ ілеспе нормативтік-құқықтық актілерге 62 түзету енгізуді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. Бұл шаралар заңнаманы бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуге, жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдардың алдын алуға және ескертуге бағытталған. Құмар ойындарға тәуелдік мәселесіне ерекше назар аударылып отыр, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар бұл бағытта жұмыс жалғасатыны айтылды. Мәселен, Қазақстанда ойын мекемелерінің саны 50 еседен астам қысқарған. Бұған дейін елде 140-қа жуық казино және 2000-нан астам ойын автоматтары залы болған.

Бүгінгі таңда 39 лицензияланған мекеме қалды: 6 казино, 10 ойын автоматтары залы, 17 букмекерлік кеңсе, 6 тотализатор. Министрлік депутаттар тобымен бірлесіп заңсыз ойын бизнесімен және құмар ойындардың таралуымен күресу бағытында қосымша заңнамалық шаралар әзірлеп жатыр, - делінген мәліметте.

Перизат Саденова
Бөлісу: