Қазақстанда «орыс сыныптары азайып бара жатыр» деп мәлімдеген Ресейдің бас консулы қызметінен кетті

28 Тамыз 2023, 17:35 2408

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейдің Қазақстандағы бас консулының «орыс сыныптары азайып бара жатыр» деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол кісі қазір Қазақстанда жұмыс істемейді. Қазір ол бас консул емес. Қызметінен кетті. 26 тамыздан бастап консул қызметінен босады, - деді ол.

«Оның қызметінен кетуі мәлімдемесімен байланысты ма?» деп сұраған журналистердің сауалына «бұған қатысты пікір білдірмеймін» деп жауап берді.

Сондай-ақ ресми өкіл Қазақстандағы білім алушылардың тілді таңдауы ерікті түрде екенін атап өтті.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 7711 мемлекеттік мектептің 3957-і тек қазақ тілінде білім береді, 1203-і орыс тілінде білім береді. 2551 мектеп қазақ және орыс тілдерінде, - деді ол.

Сондай-ақ Айбек Смадияров осындай саяси тұлғалардың елдің ішкі ісіне араласуы дұрыс емес екенін айтты.

Айта кетейік, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Евгений Бобров ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанда орыс тілінің қолданыс деңгейінің төмендеуі туралы айтты.

Оның айтуынша, соңғы жылдары орыстілді мектептер мен сыныптар қысқарған. Қазақ тілінде оқытатын бірінші сынып оқушыларына арналған бағдарламадан «Орыс тілі» пәнінің алынып тасталуы қоғамда біраз алаңдаушылық тудырды деп отыр. 

Бобров бұған Қазақстандағы орыс ұлтының елдегі үлес салмағы 15,2%-ға дейін азаюы ғана емес, сонымен қатар «Оқу-ағарту министрлігінің қазақ тіліне негізделген мемлекеттік оқу бағдарламасын өзгертуге ерекше назар аударуы» ықпал етіп отырғанын айтқан.

Тіл саясаты, Ресей мен Қазақстанның білім беру және мәдени бастамаларды қолдау саласындағы ынтымақтастығы Қазақстандағы орыстілді мәдениеттің байлығын сақтауға және ұлт бірлігін нығайтуға көмектеседі, – деді Бобров.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: