Қазақстанда онлайн несиелерге тыйым салына ма?

13 Тамыз, 10:15 581

Ел азаматтары онлайн несиеге тыйым салу туралы петиция жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Петиция авторлары мұндай несие алудың жеңіл болуы маңызды әлеуметтік және экономикалық мәселелерге әкелетінін алға тартып, алаңдаушылық білдірді.

Даму және цифрландыру тұтастай алғанда ақпарат пен қаржылық қызметтерге қолжетімділікті жақсарта отырып, қоғамға оң әсер етеді. Алайда, қоғам ретінде бұл сын-тегеуріндерге дайын емеспіз және азаматтарды онлайн кредиттердің теріс салдарларынан қорғау үшін несие беруді реттеудің неғұрлым қатаң шараларын әзірлеп, МҚҰ мен МКҰ қызметіне бақылауды күшейтуіміз қажет, - делінген петицияның сипаттамасында.

Бұл ретте петицияны жасаған қазақстандықтар цифрландыруды дамыту үдерісі аясында онлайн несиелердің оң және теріс жақтары бар екеніне және олардың пікірінше, жағымсыз жақтары көп екеніне сенімді.

Петиция авторлары Қазақстан аумағында онлайн-кредит беруге тыйым салу мен қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін микрокредит беру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейту ұсыныстарын енгізді.

Авторлар онлайн несие беруді шектеу және бақылау шаралары қылмыс, абюз және қаржылық құлдыққа байланысты тәуекелдерді айтарлықтай төмендететініне сенімді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: