09.07.2025
09:47
1502
Қазақстанда онлайн-кредиттерге тыйым салынбақ: не білу керек?

Қазақстанда онлайн-кредиттерге тыйым салынбақ: не білу керек?

Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдары мен банктерге қарыз беру шарттарын қатайту туралы бастама көтерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа ережелер жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 2025 жылғы 18 шілдеге дейін талқылауға ұсынылған.

Мақсат – халықты, әсіресе жастар мен егде жастағы азаматтарды несие тұзағына түсіп қалудан қорғау. Сонымен:

Онлайн несие тек кеңсе арқылы беріледі. Егер алғаш рет 150 АЕК-тен (шамамен 690 мың теңге) асатын қарыз алсаңыз, оны онлайн рәсімдеу мүмкін емес. Міндетті түрде банк не МҚҰ кеңсесіне барып, жеке кездесуге қатысу керек. Бұл қадам азаматтың шарттарды толық түсінгенін растау үшін қажет.

Жастар мен зейнеткерлерге жеке келісім қажет. 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан азаматтарға несие алу алдында арнайы қосымша келісімге қол қою талабы енгізіледі. Бұл олардың құқықтық ақпаратты дұрыс түсінуіне жағдай жасауға бағытталған.

Ойлануға уақыт беріледі. Егер кепілсіз ірі онлайн қарыз рәсімдеген болсаңыз, ақша бірден түспейді – тек 24 сағат өткен соң және eGov секілді жүйелер арқылы растаудан кейін ғана есепшотқа аударылады. Бұл импульсивті шешімдерден сақтайды.

Қарыздың шектен тыс жиналуына тосқауыл. Бір күн ішінде бірнеше МҚҰ-дан 150 АЕК-тен асатын несие алған адамға автоматты түрде уақытша шектеу қойылады.

Омбудсмендерге – қазақ тілі міндетті. Жаңа талапқа сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдарында жұмыс істейтін омбудсмендер қазақ тілін B2 деңгейінде білуі тиіс.

Билік бұл өзгерістер халықты кездейсоқ несие рәсімдеу, түсініксіз шарттарға келісу сияқты қаржылық тәуекелдерден қорғауға көмектеседі деп санайды.

Бұған дейін Қазақстанда кімдердің кредиті кешірілетіні туралы жазған едік.