31.03.2026
12:10
209

Қазақстанда өндірісті роботтандыру үшін жобалық офис құрылады

Қазақстанда экономика салаларын роботтандыру бағытында жаңа қадам жасалмақ. Елде өндіріс пен цифрлық технологияларды дамыту мақсатында арнайы жобалық офис құру жоспарланып отыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Оның айтуынша, машина жасау саласындағы басты басымдықтардың бірі – өндірісті роботтандыру. Қазіргі таңда Қазақстандағы өнеркәсіптік роботтар тығыздығы 10 мың жұмысшыға шаққанда шамамен 7 бірлікті құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

Министр өндірісті жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Осыған байланысты өндірісте роботтандыруды дамыту және кадр тапшылығын азайту мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Олардың ішіне автоматтандырылған өндірісті басқару жүйесі, деректерді талдау, жасанды интеллект, цифрлық платформалар, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтар мен машиналық көру жүйелері бар, – деді ол.

Ведомство мәліметінше, өткен жылы еліміздің өндіріс орындарында 300-ден астам робот орнатылған. Олардың қатарында FANUC және ABB секілді ірі компаниялардың технологиялары бар.

Мәселен, KIA Qazaqstan зауытында 68 робот жұмыс істесе, Astana Motors кәсіпорнында 54 робот өндіріс процесіне тартылған. Сонымен қатар, Digital Kazakhstan стратегиясы аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық офис құру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жобалық офис – белгілі бір бағыттағы бастамаларды бір орталықтан үйлестіретін басқару тетігі. Мұндай құрылым жобалардың іске асуын бақылап, жауапты органдардың жұмысын жүйелеуге, мерзім мен нәтижені қадағалауға мүмкіндік береді. Роботтандыру саласында мұндай офис мемлекеттік органдар, кәсіпорындар және цифрлық шешімдерді әзірлеушілер арасындағы байланысты күшейтуге тиіс.