Қазақстанда несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетіледі

10 Наурыз 2023, 15:02 1135

Қазақстанда тұтынушылық несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 8 пайызға төмендейді. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында бұйрық жобасы жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл өзгеріс сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесін төмендету мақсатында қабылданбақ. Бұйрыққа сәйкес, екінші деңгейлі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін банк қарыздары бойынша кепілсіз банк қарыздарын 44 пайызға, кепілмен қамтамасыз етілген банк қарыздарын 40 пайызға төмендетеді.

Сонымен қатар, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25 пайыз, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микронесиелер 44 пайыз болып бекітілмек.

Банк қарызы шартын, микронесие беру туралы шартты жасау, банк қарызын берумен және қызмет көрсетумен байланысты банк қарызы, микронесие бойынша сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және комиссиялар мен өзге төлемдер өзгерген немесе жаңадан енгізілген күні сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі осы тармақта бекітілген шекті мөлшерден асып кете алмайды, - делінген құжатта.

Айта кетейік, бұған дейін кепілсіз банк қарыздары мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микронесиелердің мөлшерлемесі 56 пайыз еді.

Жоба 29 наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады.

EL.KZ
Бөлісу: