Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылдың 7 қарашасында банктердің кредиттік тәуекелді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қатысты жаңа өзгерістер енгізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңартылған талаптар енді несие алушылардың кірістерін, қарыздық жүктемесін, төлем тәртібін және жалпы қаржылық жағдайын терең зерттеуді міндеттейді.
Әр банк өзінің ішкі несие саясатына сүйене отырып, қарыз беру процесін және тәуекелдерді басқаруды жүргізеді. Бұл құжатта несие бағыттары, шешімдер қабылдау ережелері және клиенттің қаржылық күйін талдау тәртібі қамтылады.
Егер жеке тұлғаға берілетін несие немесе шартты міндеттемелер көлемі банк капиталының 0,01-0,02%-ынан асып кетсе, банк қарыз алушының табысын, мүлкін, басқа банктердегі берешектерін, төлем қабілеттілігін, транзакцияларын, кредиттік тарихын, тіпті әлеуметтік жағдайы мен білім деңгейін де бағалауға міндетті.
Тәуекелі жоғары клиенттер санатына үш жылдан аз кредиттік тарихы барлар, соңғы бір жылда кешіктірілген төлемдері болғандар, бірнеше банктен қарыз алғандар немесе ай сайынғы төлемі табысының 45%-ынан асатын тұлғалар кіреді.
Егер қарыз алушының төлем қабілетсіз болу ықтималдығы 5% деңгейінен жоғары болса және бұл көрсеткіш несие беру кезінде 5 пайыздық пункттен көп өссе, мұндай тұлғалар тұрақты бақылауға алынады.
Соңғы 12 айда 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар адамдар үшін қарыз жүктемесінің шекті коэффициенті 50% болып белгіленеді.
Заңды тұлғаларға берілетін ірі қарыздар (500 млн теңгеден жоғары немесе банк капиталының 0,2%-ынан көп) компанияның қаржылық есептері, кіріс-шығыс динамикасы, басқару сапасы, нарықтағы жағдайы және даму болашағы ескеріліп барып мақұлданады.
Бұдан былай банктер бұрын қарызын бірнеше рет кешіктірген, төлем қабілеті нашарлаған немесе қайта құрылымдау нәтиже бермеген тұлғаларға несие беруге оң шешім шығара алмайды.
Жаңа нормалар 2025 жылдың 24 қарашасынан бастап күшіне енеді.
Бұл түзетулердің негізгі мақсаты - банктердің тәуекелін азайту, қарыз алушылардың қаржылық тәртібін күшейту және жалпы қаржы секторындағы тұрақтылықты сақтау.