2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 20 033 546 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 451 004 (өсім 1,9%), ауыл тұрғындары – 7 582 542 адам (өсім 0,3%), деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 12 ай ішінде халықтың жалпы өсімі 266 739 адамды құрады. Оның ішінде табиғи өсім есебінен 257,3 мың адамға, көші-қон есебінен – 9 344 адамға. Өңірлер бөлінісінде табиғи өсімнің оң мәні СҚО-дан басқа барлық өңірде тіркелді, ал көші-қонның оң сальдосы бес өңірде байқалды – Алматы және Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында.
12 айда Қазақстанда 387,9 мың бала дүниеге келді (2022 ж. – 403,5 мың), оның ішінде 200,3 мыңы – ұлдар, 187,6 мыңы – қыздар. 1000 адамға шаққанда туу коэффициенті 19,50 құрады. Аталған кезеңде 130,6 мың адам қайтыс болды, бұл ретте өлім-жітім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 6,56 болды, - делінген мәліметте.
Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1000 тұрғынға 26,78 адам), Түркістан (26,11) облыстарында және Шымкент қаласында (25,68) байқалды.
12 айда 1 жасқа толмаған 3215 нәресте қайтыс болды, 2022 жылмен салыстырғанда нәресте өлімінің коэффициенті төмендеп, 1000 туылғанға 7,69 құрады (2022 жыл – 7,97).
Аталған кезеңде тіркелген некелер мен ажырасулар саны да азайды
2023 жылдың 12 айында 120 мың неке тіркелді, 2022 жылмен салыстырғанда неке саны 5,9% төмендеді. Неке коэффициенті 1000 адамға 6,07 құрады. Сондай-ақ осы кезеңде 16,7 мың ажырасу тіркелді (соттың некені бұзу туралы шешімін есепке алмағандағы АХАТ органдарының деректері бойынша), бұл да 2022 жылғы деңгейден 5,3% аз. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға 0,84 құрады.
Өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо еліміздің 3 өңірінде қалыптасты: Алматы (38,1 мың адам), Астана (50 мың адам) және Шымкент (3,4 мың адам) қалаларында.
2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда елге сырттан келгендердің саны 25,3 мың адамды, кеткендер саны 16 мың адамды құрады. Көші-қон сальдосы 9 344 адам болды. 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 46,8%, кеткендер саны 33,8% азайды. Айта кетейік, көші-қон сальдосы 2011 жылдан бері алғаш рет оң мән көрсетіп отыр.
Негізгі көші-қон алмасу ТМД мемлекеттері арасында жүрген. ТМД елдерінен келгендердің саны 21,9 мың адамды құраса, сол елдерге тұрақты тұруға кеткендердің саны 12,4 мың адамды құрады.