Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған тегін Digital курстар оқытылады

23 Сәуір, 16:33 625

Мемлекеттік тапсырыс аясында «ITeachMe» қоры мемлекеттік Бірыңғай грант операторының қолдауымен мүгедектігі бар жас қазақстандықтарды СММ-копирайтинг және мобилография курстарын оқыту үшін ITM Academy республикалық жобасын іске қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, онлайн-жобаға 18-35 жас аралығындағы мүгедектігі бар еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Іріктеуден өткен 60 студент екі айға созылатын тегін курстан өтеді. Барлық оқу материалдары қазақ, орыс және ымдау тілдерінде қолжетімді. Студенттер курсты аяқтаған соң өз жобаларын қорғайды.

«ITeachMe» қорының басшысы Захира Бегалиеваның айтуынша, оқудан кейін студенттер тез арада жұмысқа тұра алады.

Біздің оқушыларымыз түрлі компанияларда оффлайн немесе онлайн жұмыс істей алады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мүгедектігі бар адамдарға біраз кәсіби қолдау қажет. Сондықтан оқуды бітіргеннен кейін біз алдымен түлектерді өзіміздің СММ-агенттігімізге жұмысқа аламыз. Олар сәл бейімделіп, тәжірибе жинағаннан кейін басқа компанияларға орналастырамыз, – дейді Захира Бегалиева.

Естеріңізге сала кетсек, қазақстандықтарды оқытуға арналған бұл курстар Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында жүргізіледі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: