Қазақстанда мобильді аударымдарға бақылау қалай өзгереді?

Қазақстанда мобильді аударымдарға бақылау қалай өзгереді?

Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа критерийлері енгізілуі қарсаңында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов тағы да түсініктеме берді. Оның айтуынша, мемлекет азаматтарға бірден айыппұл салуға асықпайды, алайда белгілі бір жағдайларда салықтық тексеру басталуы мүмкін.

Алдымен ескерту, кейін тексеру

Мәжіліс кулуарында журналистер вице-министрден үш ай ішінде әртүрлі адамдардан 1 020 000 теңгеден астам қаражат түскен қазақстандықтарды не күтетіні туралы сұрады.

Ержан Біржановтың сөзінше, салық органдарының әрекет ету логикасы бірнеше кезеңнен тұрады.

Біз әрдайым айтып келеміз, бірден айыппұл салынбайды. Алдымен азаматқа түсініктеме беру үшін хабарлама жіберіледі. Мүмкін, сол хабарламадан кейін салық төлеуші өз еркімен жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге шешім қабылдар. Егер ешқандай әрекет болмаса, біз салықтық тексеру ашуға құқылымыз, - деді вице-министр.

Салықтағы өзгерістер

Тек салықтық тексеру барысында барлық растайтын құжаттар жиналғаннан кейін ғана салық сомасы есептеліп, ресми талап қойылады. Ал талап орындалмаған жағдайда іс сот орындаушыларына жіберіледі.

Туыстар арасындағы аударымдар

Вице-министрдің айтуынша, ең көп таралған алаңдаушылықтардың бірі, туыстар арасындағы ақша аударымдары салық органдарының нысанасына кірмейді.

Егер, мысалы, бауырыңыз немесе әпкеңіз сізге 100 мың рет аударым жасаса да, ешқандай шара қолданылмайды, - деп нақтылады Біржанов.

Жаңа критерийлер: кімдер тексерілуі мүмкін?

Бірнеше аптадан кейін Қазақстанда мобильді аударымдарды талдаудың жаңа ережелері күшіне енеді. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жеке тұлға келесі үш критерийдің барлығы бірдей орындалған жағдайда ғана салықтық тексеріске ілінуі мүмкін:

  • үш ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі адамнан аударым түсуі;
  • аударымдардың тұрақты түрде келіп отыруы;
  • үш айда түскен қаражаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен (қазіргі кезде -1 020 000 теңге) асуы.

Бұл тәсіл салық органдарының сөзінше, бір реттік немесе кездейсоқ аударымдарды емес, жүйелі табыс көздерін анықтауға бағытталған.

Мемлекет неге бұған назар аударып отыр

Сарапшылардың пікірінше, мобильді аударымдарға бақылауды күшейту, көлеңкелі экономиканы қысқарту саясатының бір бөлігі. Соңғы жылдары көптеген шағын қызмет түрлері (онлайн сауда, жеткізу, үйден көрсетілетін қызметтер) ресми тіркеусіз, тек банк аударымдары арқылы жұмыс істеп келген.

Мемлекет үшін негізгі мақсат - азаматтарды жазалау емес, оларды заңды экономикалық айналымға тарту. Сондықтан алғашқы кезеңде ескерту мен өз еркімен тіркелуге басымдық беріледі.

Бизнес пен азаматтар үшін бұл нені білдіреді

Жаңа ережелер шағын табыс табатын азаматтарды бірден кәсіпкерлікке мәжбүрлеуді көздемейді. Алайда тұрақты әрі жүйелі түрде ақша қабылдайтындар үшін «байқалмай жұмыс істеу» мүмкіндігі біртіндеп азаяды.

Орта мерзімді перспективада бұл:

  • жеке кәсіпкерлер санының өсуіне;
  • салық базасының кеңеюіне;
  • мобильді төлемдер нарығының ашық болуына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар мемлекет үшін басты сын - адал азаматтар мен көлеңкелі табыс арасындағы шекараны нақты әрі әділ ажырата білу. Бұл жүйенің тиімділігі де дәл осы тепе-теңдікке байланысты болмақ.