Қазақстанда мектеп кітапханаларының бірыңғай автоматтандырылған жүйесі енгізіледі

30 Сәуір, 01:25 538

«Цифрлық кітапхана» жаңа оқу жылында қолжетімді болады. Бұл туралы оқу-ағарту министрінің Алматы қаласына жұмыс сапары аясында мектеп кітапханашыларымен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

былтырдан бері мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Балалар кітапханасы» жобасы іске асырылуда. Мектеп кітапханаларының қоры 4,8 млн дана кітапқа толығып, жыл соңында жалпы қор көлемі 137 млн-нан астам кітапты құрады.

Министрлік Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана оқу үшін ұсынған 1770 шығармадан тұратын көркем әдебиет тізімін жасалғанын алға тартады. Ал кітап оқитын оқушылар саны 200 мыңға артты.

Министр кездесуде кітапхана жүйесіндегі өзекті мәселелерді қозғады, соның ішінде кітапханашылардың өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен олардың бойында оқу мәдениетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Мектеп кітапханалары барлық білім беру бағыттарының тартылыс орнына айналуы керек. Қазір кітап оқуға деген қызығушылықты ояту және отбасымен кітап оқу дәстүрін жандандыру мақсатында оқу залдарын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Коворкинг-орталықтар ашылып, шығармашылық кештер өткізілуде. Осы жылдың басында Алматыда шығармашылық зиялы қауыммен кездесу барысында біз қазақ әдебиетін ілгерілету жобасын іске қостық. Енді отандық туындылар мектеп сайттарында қолжетімді, онда біздің жас авторлар өздерінің көркем және ғылыми еңбектерін тіркеп, жариялай алады, - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Кездесуде мектеп кітапханашыларына мәртебе беру, біліктілікті арттыру курстарынан өткізу және т.б. мәселелер талқыланды. Кездесу соңында министр мектеп кітапханашыларын оқуға құштар ұлтты қалыптастырудағы елеулі еңбегі үшін марапаттады.

Перизат Саденова
Бөлісу: