Қазақстанда медициналық қызметтерге тарифтер қайта есептеледі

27 Сәуір, 11:01 625

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерге тарифтерді кезең-кезеңімен көтеруге кіріседі. Басымдық балалар мен әйелдерді босандыруға беріледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, медициналық қызметтерге шығын тарифтері қайта есептеледі.

Негізгі мақсат - медициналық ұйымдарға қаржылық жүктемені азайту және барлық азаматтар үшін жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

2024 жылғы 1 маусымнан бастап қабылданған шешімдерге сәйкес жүкті және босанған әйелдерге, сондай-ақ стационарлық жағдайда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтер көтерілетін болады, - делінген мәліметте.

Веломство тарифтердің көтерілуі азаматтардың медициналық көмек алуға арналған қалта шығыстарын азайтуға, сондай-ақ медициналық ұйымдарға соңғы жылдары жиналған инфляциялық шығындарды өтеуге және денсаулық сақтау саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп отыр.

Сақтандыру активтерінің есебінен қосымша бөлінетін қаражаттың жалпы сомасы денсаулық сақтау жүйесінің тиімсіз шығыстарын оңтайландыру нәтижесінде босатылды және 20 миллиард теңгені құрайды.

Абдоминалдық хирургия, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология және ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология сияқты бірқатар басқа бағыттар бойынша тарифтерді кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда.

Бұл мемлекет медициналық ұйымдарға медициналық қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды кезең-кезеңімен өтейтінін білдіреді, - дейді министрлік өкілдері.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: