Қазақстанда лудомания неге белең алып барады?

29 Сәуір, 18:45 1041

Соңғы екі жарым жылда Қазақстанда шамамен әрбір бесінші адамның құмар ойынға қатысы бары анықталған. Оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысына айналған, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы уақытта бұл жағдай елімізде үлкен мәселеге айналып барады. Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері 2 жылға жуық құмар ойын мәселесін қарастырып, талдау жүргізді. 

200 мыңға жуық бала үшінші адамның атынан бәс тігеді

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық адам үшінші адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Бұл әсіресе, мектеп оқушылары арасында белең алып тұр.

Дегенмен оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов Қазақстанда жасөспірімдер арасында лудомания дертінен емделіп жатқандар жоқ екенін мәлімдеді.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 400 мыңға жуық лудомания дертіне шалдыққан адам барын айтып, онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып бара жатқанын айтты.

2023 жылдың алғашқы жартысында қазақстандықтар құмар ойынға 100 млрд теңге қаржысын жұмсаған. Бұл қаржыны басқа салалармен салыстырып көрсек, кітапханалар мен мұражайлардың шығынынан 70 есе, шығармашылық пен өнер салаларынан 50 есе, ІТ қызметкеріне қарағанда 5 есе, жылжымайтын мүлік операцияларына қарағанда 2 есе көп қаржы.

Құмар ойынның құрығына ілінгендер...

Саясаттанушы Риззат Тасымның дерегінше, лудомандардың 8%-ы ғана өздерінің лудоман екенін мойындайды.

Еліміздегі ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбай мұндай деректердің көп екенін айтады. Тіпті солардың біріне мысал келтірді.

Былтыр Алматы облысында жантүршігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудоман болған, болмашы ақшаға үш бірдей адамның өмірін қиды, - деп атап өтті мәжілісмен.

Әлеуметтік желіге кірсең, лудоманиямен өз күш-жігерімен күресу арқылы құмар ойынның құрсауынан шыққандарды көруге болады.

Солардың бірі – Шамиль Ерниязов. Ол әлеуметтік желі арқылы, өзінің басынан өткен жағдайларды баяндай отырып, өзі сияқты құмар ойынның құрсауына кірген азаматтарға консультация береді. Мотивациялық роликтерінің бірінде ол:

Қазақстанда құмар ойын ойнайтындардың саны шамамен 1 млн адам, бірақ құмар ойыннан зәбір көріп жүргендердің саны кемінде 3 млн адам. Себебі, бірінің ата-анасы, бірінің отбасы бар. Бұл өте үлкен проблема. Құмар ойыннан шығуға болады, кеш емес, ең бастысы өзіңді қолға алу, - дейді.

Шамиль көбінесе лудоманияға ұшыраған адамдардың отбасы келіп көмек сұрайтынын айтады.  

Негізі өзі көмек сұрап келетін лудомандар өте аз. Көбінесе олардың ата-аналары келеді. Бірақ менде жұмыс істеген бір жігіт өзі жақындап көмек сұрады. Ол жігіттің 50 миллион теңгедей қарызы болды. Бірақ ол бүкіл қарыздарынан құтылып, қазіргі таңда Америкада жұмыс істеп жатыр. Кемінде 5-6 млн теңге жалақы алады. Өзіне деген сенімділік қандай үлкен жеңістерге алып келетініне тағы да көзім жетті, - дейді ол. 

Лудомания әскерде де өршіп тұр

2022 жылы елімізде 3 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.

Елнұр Бейсенбаев: «өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де – ойынқұмарлық дерті», екенін айтты.

Қылмыстың артуына лудоманияның тигізетін әсері көп. Депутат келтірген дерек бойынша, елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен.

Ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз. Осында келтірілген мәліметтерден Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз, - дейді мәжілісмен.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Ринат Зайытов әскердегі қоқан-лоқының бір себебі – лудомания екенін айтқан еді.

Әскердегі қоқан-лоқы көрсетудің ар жағын зерттеп қарасақ лудомания тұр. Тіпті, бөлімше командирі өздері ойынға кіріп кетеді де, қарамағындағы қарапайым сарбаздарды ұрып-соғып, үйінен ақша әкелуді талап етеді. Бұның барлығы өмірде болып жатқан оқиға. Сондықтан Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге жеке мән беру керек деп ойлаймын. Министрліктің өкілдері де осындай іс-шараларға қатысуы керек, - деді Зайытов.

Құмар ойынды жарнамалауға кімдерге тыйым салынады?

Өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң аясында келесі шараларды іске асыру көзделген.

Бірінші. Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың  смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады.

Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады. Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.

Екінші. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Үшінші. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.

Төртінші. Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады.

Бесінші. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Алтыншы. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем жойылады. Сондай-ақ, балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

Жетінші. Шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді.

Сегізінші. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.

Сондай-ақ, Ұлттық Банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады.

Сонымен қатар, заң жобасында букмекерлік кеңселерде бәс тігу, ақша алу және төлеу кезінде:

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лоторея қызметі бойынша өзгерістер 11 Заңға, 3 Кодекске енгізіледі.

Миражан Махан
Бөлісу: