Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

1 Қыркүйек 2023, 21:00 2040

ҚР Президентінің жарлығына сәйкес 1 қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жергілікті атқарушы органдардың шақыру пункттерінде 195 қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмыс істейді.

Қорғаныс министрлігі бұл шақырудың ерекшелігі ашықтықтың артуында екенін мәлімдеді. Яғни әскерге шақыру комиссияларының жұмысына сарбаздардың аналары мен қоғамдық комитет өкілдері қатысады.

Биыл күзде барлығы 19 мыңнан астам адам әскерге алынады деп отыр. Қарулы күштер қатарына 8 мыңның үстінде, Ұлттық ұланға – 6 мың, ҰҚК Шекара қызметіне – 3 мың, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне 300 азамат шақырылады, - делінген мәліметте.

Шақыру науқанының басталуына қарай барлық өңірде шақыру комиссияларын басқаратын облыстар, қалалар және аудандар әкімдері орынбасарларының басшылығымен шақыру және медициналық комиссия мүшелерімен нұсқау-әдістемелік сабақтар өткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мерзімді әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мерзімді әскери қызметтің абыройын өсіру, беделін арттыру жөніндегі жұмысты жолға қойғанын айта кетелік. Бүгінгі күні мерзімді қызметке алынған сарбаздарға кредиттік каникулдар беру жөніндегі шаралар іске асырылды, - делінген.

Перизат Саденова
Бөлісу: