Қазақстанда криптовалютаға қарсы күрес қалай жүріп жатыр?

1 Қазан, 12:52 322

ҚМА Төрағасы Жанат Элиманов бастаған қазақстандық делегация қаржылық барлау бөлімшелері басшылары кеңесінің (ҚБББК) 28-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Іс-шара Сочидегі (РФ) Қаржылық қауіпсіздік бойынша халықаралық Олимпиада алаңында өтті, онда қатысушылар ТМД елдерінің қаржылық барлау бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады.
 
Қылмыстық кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландырудағы қауіптердің бірі үшінші тұлғаларға банктік шоттар ашу мәселесі. ҚМА уәкілетті органдармен бірлесіп осындай алаяқтықтың алдын алу үшін тосқауыл қоюда. Есірткі саудасында қолданылатын 770-тен астам шоттар мен 30 мың дроп - карталары бұғатталды.

Форумға қатысушылар цифрлық активтерді қылмыстық мақсатта пайдалану қаупі күн сайын артып келе жатқанын атап өтті. Осылайша, ҚМА криптовалюталардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласында негізгі үш бағытта жұмыс жүргізуде: заңсыз майнерлер; заңсыз крипто айырбастаушылар; цифрлық активтермен құқыққа қарсы операциялар.

Қазіргі таңда криптовалюталармен айналысатын арнайы бөлімше құрылды. Тергеу барысында оларды тәркілеу тәжірибесі енгізілді. Жыл басынан бері заңсыз майнерлерге қатысты 9 іс тіркелді, майнингке арналған 4 мыңға жуық «машина» тәркіленді. Айналымы 60 млн доллардан асатын 19 заңсыз крипто айырбастау пунктері жойылды. Құны 1,2 миллион доллар болатын цифрлық валютаға шектеу қою мүмкіндігі туды. Лицензиясыз заңсыз жұмыс істеген 5,5 мың онлайн крипто айырбастаушылардың жұмысы бұғатталды. Халықаралық сарапшылар мұндай тәуекелдер басқа елдерге де тән екенін мойындады. Кеңеске қатысушы елдердің қаржылық барлау бөлімшелерінің басшылары әлемдік қоғамдастық алдында тұрған жаңа қатерлерге қарсы іс-қимыл әдістерін жетілдіруде күш біріктіруге келісті, - делінген ақпаратта.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: