07.08.2025
14:49
411
Қазақстанда кімдерге коммуналдық шығындар бойынша өтемақы төленеді?

Қазақстанда кімдерге коммуналдық шығындар бойынша өтемақы төленеді?

7 тамыз күні өткен үкіметтік баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін тұрғын үй көмегі әлеуметтік әмиян жүйесіне енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл қадам – коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі жағдайында азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік шаралардың бірі. Оның айтуынша, тарифтердің өсуі халық табысымен сәйкес келмеген жағдайда, тұрғындардың ай сайынғы коммуналдық шығындары жалпы табысының белгілі бір пайызынан асып кетсе, мемлекет тарапынан өтемақы төленеді.

Бұл көрсеткіш өңірлік ерекшеліктерге байланысты өзгеруі мүмкін – мысалы, Астана мен Алматыда табыс деңгейі жоғары болғандықтан пайыздық шегі де жоғары болуы ықтимал, ал Атырау мен Қызылорда сияқты аймақтарда 5-7 пайыз деңгейінде белгіленуі мүмкін. Осылайша, тұрғын үй көмегі нақты мұқтаж азаматтарға бағытталады және ол тікелей әлеуметтік әмиян арқылы жүзеге асады. Алайда бұл көмек барлық азаматтарға бірдей берілмейді.

Әлеуметтік қолдау тетіктері отбасылық жағдай мен тұрғын үйдің көлеміне қарай есептеледі. Мысалы, 3 адам тұратын, бірақ 800 немесе 1000 шаршы метрден асатын үйі бар отбасыға өтемақы қарастырылмауы мүмкін. Ал егер 5-6 адам бір пәтерде тұрып жатса және ол әлеуметтік нормаларға сәйкес келсе, онда 100 пайыз өтемақы төленеді.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, әлеуметтік көмек ең алдымен шынымен мұқтаж жандарға жетуі тиіс және бұл мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын қолдау үшін жасалып отырған нақты қадам.