Қазақстанда фармацевтикалық өнім көлемі ұлғайды

Қазақстанда фармацевтикалық өнім көлемі ұлғайды

Биыл қазақстандық фармацевтикалық өнімнің көлемі 22%-ға артып, 171,6 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тартылған инвестицияның көлемі екі есеге артып, 91,3 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт 32,9%-ға өсіп, 52,1 миллион АҚШ долларына жетіп отыр. Фармацевтикалық өнімнің 2 466 атауына 34 қазақстандық өндірушімен 10 жылға дейінгі мерзімге 90 ұзақ мерзімді шарт жасалған. 

Әлеуметтік мәні бар дәрі-дәрмектерге нақты қажеттілікті есепке алу үшін ұзақ мерзімді шарттар жасасу тәртібі қайта қаралып жатыр. Сондай-ақ, Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca сияқты әлемдік компаниялармен келісімшарттық өндіріс туралы келісімшарттар жасалды.

Локализациялауға қойылатын талаптар күшейтілді, бірегей препараттар өндірісі ынталандырылды, бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, нормативтік базаны қайта қарау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан өндірушілер үшін салықтық және инфрақұрылымдық преференцияларды қоса алғанда, жеңілдікті шарттар қолданылады, - деп жазылған денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында. 

Бүгінгі таңда елімізде 207 қазақстандық тауар өндіруші жұмыс істейді, 2023 жылы олардың 193-і болды. Олардың 43-і дәрілік заттарды өндіруге, 164-і медициналық бұйымдарды өндіруге мамандандырылған.