Қазақстанда енді шетелдік банк ашу жеңілдейді

Бүгiн, 11:06 149

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасындағы түзетулердің бірінші бөлігі Қазақстанда шетелдік банктерді ашу жөніндегі талаптарды ырықтандыруға, сондай-ақ қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлері үшін рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.

Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына жолдауында елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы міндет қойды. Қолданыстағы заңнама шеңберінде шетелдік инвесторлар үшін филиалды ашуы жөніндегі талаптар 2020 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі шеңберінде белгіленді. Қазіргі уақытта еншілес ұйымды немесе филиалды ашу үшін рұқсат беру процесі екі кезеңнен тұрады: біріншісі – рұқсат беру, екіншісі – лицензия алу, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделген. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады.

Құжаттардың саны шетелдік компанияның рейтингіне байланысты болады. Жалпы құжаттардың саны 24 құжаттан банктің рейтингіне қарай 17 құжатқа немесе 8 құжатқа дейін қысқартылады.

Сонымен бірге шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін заң жобасында филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетіледі. Бұдан басқа, шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады, - деп атап өтті Әбілқасымова.

Сонымен қатар, екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылатын болады.

Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, басшы қызметкерлер үшін рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру шеңберінде банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талап алып тасталады, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеру ұсынылады.

Заң жобасының екінші бөлігі президенттің бюрократиядан арылту жөніндегі жарлығын іске асыру үшін әзірленді. Онда банк және сақтандыру салаларын, бағалы қағаздар нарығын және микроқаржылық қызметті қоса алғанда, қаржы нарығын реттейтін заңдардағы нормаларды оңтайландыру көзделеді, - деді ол.

Атап айтқанда, тиісті заңдарда мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары, сондай-ақ агенттік пен Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құзыреті белгіленеді. Бұдан басқа, агенттіктің және Ұлттық банктің ұйымдастыру сипатындағы жекелеген өкілеттіктері мемлекеттік органдар туралы ережелерге көшіріледі.

Миражан Махан
Бөлісу: