10.07.2025
10:07
1532
Қазақстанда енді қандай ақшаларды айырбастауға болмайды?

Қазақстанда енді қандай ақшаларды айырбастауға болмайды?

Қазақстан Ұлттық банкі ел азаматтары арасында жиі қойылатын «Қандай купюраларды айырбастауға болмайды?» деген сұраққа ресми жауап берді. Бұл тақырып әсіресе ескі банкноттарды сақтап жүргендер үшін өзекті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Айырбастауға болатын банкноттар:

2006 жылғы үлгідегі банкноттар – 2021 жылдың 12 маусымынан бастап бұл банкноттарға айырбастаудың мерзімсіз тәртібі енгізілген. Яғни, оларды Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында кез келген уақытта ауыстыруға болады.

«Қазақ Елі» сериясындағы банкноттар (2011–2017 жылдар аралығында шығарылған) – бұл купюралар қазіргі кезде параллель айналым кезеңінде. Яғни, олар жаңа үлгідегі купюралармен қатар қолданылып жатыр. Параллель кезең аяқталған соң:

  • 3 жыл ішінде: ескі купюраларды екінші деңгейлі банктер мен Қазпошта бөлімшелерінде айырбастауға болады;
  • Мерзімсіз: Ұлттық банктің филиалдарында ауыстыруға болады.

? Естелік және мерейтойлық банкноттар – заңды төлем құралы болып табылады және оларды мерзімсіз кез келген екінші деңгейлі банктерде, Қазпоштада және Ұлттық банктің бөлімшелерінде қабылдайды және айырбастайды.

❌ Айырбастауға болмайтын банкноттар:

? 2006 жылға дейін, яғни 1990-жылдар үлгісіндегі теңгелер – бұл купюралар айналымнан толық алынған және қазіргі таңда ешқандай құндылыққа ие емес. Ұлттық банк оларды айырбастауға жатпайды деп мәлімдеді.

Ең жиі айырбасталатын банкноттар – 2024 жылғы статистика

Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылдың басынан бері қазақстандықтар келесі банкноттарды жиі айырбастап жатыр:

  • 500 теңге (2006 жылғы үлгі) – 35 058 дана, жалпы сомасы 17 миллион теңгеден астам.
  • 1000 теңге (2006 жылғы үлгі) – 18 248 дана, жалпы сомасы 18 миллион теңгеден астам.

Айырбастауға қатысты ең көп өтініш берген өңірлер:

  1. Алматы қаласы – барлық өтініштің 24,8%
  2. Жамбыл облысы – 14,2%
  3. Шымкент қаласы – 10,7%

Бұған дейін ақшаны қалай үнемдеп, жинауға болатыны туралы жазған едік.