Қазақстанда енді имамдардың бәріне бірдей уағыз айтуға рұқсат берілмейді

29 Ақпан, 09:20 1434

Қазақстанда енді құран ұстап, таспих тартқандардың барлығы уағыз айта алмайды. Діни басқарма дүмше молдаларды анықтап, бұл құзіретті тек сүзгіден өткеніне ғана береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Астанада өткен алғашқы уағызшылар форумында Бас мүфти жамағатқа адал мен арамның ара жігін ажыратып, жалпақ жұртқа уағыз айтатын молдалардың тұғырнамасын бекітті. Мұндағы басты мақсат — елді адастырып теріс жолға бағыттаған діни қызметкерлердің, уағызшылардың ізін кесу, - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ал әлеуметтік желіде "домбыра — харам", "салт-дәстүрден алшақ жүрейік" деп кеуде соққандармен діни басқарма түсіндірме жүргізіп жатыр.

Аллаға шүкір, біздің елден, біздің топырақтан әлемге әйгілі үлкен дін ғалымдары шыққан. Осы ата-бабамыздың еңбегінің арқасында қазіргі дәстүрлі ислам мен ұлт құндылықтары сабақтасып кеткен. Сондықтан ата-баба жолынан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізді сақтап қалу мақсат, – деп түсіндірді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: